Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Қазақстанда дәстүрлі «Балаларымыз – аманатымыз» қайырымдылық акциясы бастау алды. Акция аясында еліміз бойынша 20 000 балаға балмұздақ пен сыйлықтар табысталады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Әлеуметтік бастама Қазақстанның барлық өңіріндегі 135 балалар мекемесін қамтиды — ірі қалалардан бастап моноқалалар мен ауылдық елді мекендерге дейін. Жоба «AMANAT» партиясы мен «Шин-Лайн» корпоративтік қорының бірлесуімен жүзеге асырылып, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларды қолдауға бағытталған.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, елімізде 20 798 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Оның ішінде балалардың 82%-дан астамы қамқоршылықта, патронаттық тәрбиеде немесе қабылдаушы отбасыларда тәрбиеленуде. Бұл еліміздегі отбасылық тәрбие үлгісіне көшу үрдісінің тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді.
Бүгінде Қазақстанда балалар мекемелерінің жүйесі жаңғыртылып жатыр: дәстүрлі балалар үйлерінің орнына баланы қолдау, бейімдеу және дамытуға бағытталған Балаларды қолдау орталықтарының желісі дамуда.
Биылғы акция еліміздің 20 өңіріндегі Балаларды қолдау орталықтарын, мамандандырылған интернаттарды, балалар үйлері мен оңалту орталықтарын қамтиды.
Акция аясында Алматы қаласындағы №2 Арнаулы әлеуметтік қызметтерді қажет ететін балаларды қолдау орталығында «AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуровтың атынан мекеме педагогтері мен қызметкерлері балаларды тәрбиелеу мен қолдауға қосқан елеулі үлесі, жоғары кәсібилігі және адал еңбегі үшін Алғыс хаттармен марапатталды.
Акция аясында балаларға жаздың, қуаныш пен балалық шақтың символына айналған 20 000-нан астам балмұздақ таратылады.
«Шин-Лайн» корпоративтік қоры қызметінің маңызды бағыттарының бірі — балалар мекемелеріне жүйелі қайырымдылық қолдау көрсету. Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік стратегиясы аясында «Мишка на полюсе» балмұздағы сатылымынан түскен қаражаттың 1%-ы қордың әлеуметтік жобаларын жүзеге асыруға, оның ішінде мамандандырылған мекемелерге көмек көрсетуге және балаларға арналған білім беру бастамаларын қолдауға бағытталады.
Компания өкілдерінің айтуынша, балмұздақ — балалардың сүйікті тәттісі ғана емес, сонымен қатар қамқорлық пен жылулықтың белгісі. «Балаларымыз – аманатымыз» акциясы қоғамға әрбір балаға көңіл бөлу мен оларға мерекелік көңіл күй сыйлаудың маңыздылығын еске салуды мақсат етеді.
Оқи отырыңыз: Алматыда Балаларды қорғау күніне орай балаларға медициналық көмек көрсетуге арналған үш құзырет орталығы ашылды