Алматыда 147 көшеге жарық шамдары орнатылды

Алматыда 147 көшеге жарық шамдары орнатылды
Бүгінде қала көшелерін жарықпен қамту жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматыда 601 көше жарықтандырылуы керек деп танылған болса, қазір соның 147-сі электр бағандарымен қамтылып үлгерген. Бүгінде қала көшелерін жарықпен қамту жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асып жатыр. Енді жартылай жарықтандырылмаған жолдар мен аулаларға ЛЭД  шамдарын орнату көзделіп отыр. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.

Жетісу ауданының тұрғыны Қайролда Аққозынов Айнабұлақ ықшамауданының жеке секторында орналасқан Сельская көшесінде сонау тоқсаныншы жылдардан бері тұрады. Күн ұясына батқанда тар әрі қараңғы көшемен жүру өте қауіпті болатын дейді. Мәселені шешу үшін тұрғындар жергілікті әкімдікке жүгінген. Сөйтіп, бұрын еленбей келген жалғыз аяқ жолға биыл 14 жарық шамы орнатылды.

«Айнабұлақ шағын ауданына дейін басқышпен шығамыз. Сол жерде неше рет айтылса да болмаған болатын. Қорқынышты болатын, балалардың барлығы кешке жақын жүретін, зейнеткерлер бар. Қазір жақсы, өте жақсы, жап-жарық болды», – деді Жетісу ауданының тұрғыны Қайролда Аққозынов.

«Мен жүгінген күні, кездесу болған күні кешке жақын әкімдіктен кісілер келді, көрді бәрін түнде қай жерге керек екенін. Содан өздеріңіз көріп тұрғандай жарықты жасап берді. Таңертең сағат 09.00-дан келіп, түстен кейін жасап бітті. Соған ризалығымды білдірейін деп едім, көп-көп рахмет», – деді Жетісу ауданының тұрғыны Бақжамал Абдоллақызы.

Графика: Жалпы қаланың 8 ауданында былтыр «Шетсіз қала» жобасы аясында осы сияқты жарықтандырылмай қалған 2024 көше анықталған. Қазір соның 1423 көшесіне жарық шамдары орнатылды. Яғни Алатау, Наурызбай, Жетісу, Түрксіб аудандары толық жарықпен қамтылған. Енді өзге аудандарда биыл 601 көшеге электр бағандары қойылмақ. Қазір соның 147-сінде жұмыстар жүріп жатыр.

Графика-1:

Алатау - 413

Жетісу - 84

Түрксіб - 614

Медеу - 273

Алмалы - 84

Бостандық - 155

Наурызбай - 312

Әуезов - 89

Жарықтандырылмаған - 2024 көше

2020 - 1423 көше

2021 - 601 көше

«Кейбір жерлерде жартылай жарықтандырылмаған көшелер қалды және аула аймақтары қалды. Ол бойынша біздің басқармада бүгінгі таңда жобалық сметалық құжаттама әзірленді. Қазіргі таңда жобалық құжаттама сараптамадан өтуде», – деді қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының бөлім басшысы Берден Оспан.

Сонымен қатар былтыр Достық, Саин, Шаляпин, Момышұлы сияқты 7 ірі көшелер мен даңғылдарда ескірген жарық бағандары жаңа ЛЕД шамдарға ауыстырылды. Аталған жұмыстар әрі қарай жоспар бойынша жалғасын табады.

Назкен Еркін, Ғани Қалуов, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров