Алматыда тұрғындар жекеменшік үйлер ауласында жүргізіліп жатқан түсініксіз қазба жұмыстарына наразы

08.08.2020 01:01

Жергілікті халықтың наразылығы қалай шешілмек?

Аlmaty.tv

Жер астымен орнатылған үш бірдей жүйе: су құбыры, жылу жүйесі және тоқ кабельдері. Алматыда Медеу ауданының тұрғындары жекеменшік үйлер ауласында жүргізіліп жатқан түсініксіз қазба жұмыстарына шағымдануда. Жергілікті халықтың наразылығы қалай шешілмек? Қала билігі мен мердігер ұйым өкілдері мардымды жауап бере алды ма? Мәселенің мән-жайын Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт толығырақ тарқатады.

Медеу ауданындағы Екібастұз көшесінде кенеттен басталған бұл түсініксіз қазба жұмыстары жергілікті халыққа күмән туғызған. Себебі тұрғындардың сөзінше аудан әкімдігі алдын ала ештеңені ескертпеген көрінеді. Тіпті, үйінің алдынан су құбырлары мен жылу жүйесінің астынан тоқ кабельдерін жүргізген.    

«Жаңа жарық бағандарының орнатылғанына үш жыл болды. Бұған дейін көршіміз наубайхана ашайын дегенде осылай тоқ жүйесін жер астымен жүргізуге рұқсат берілмеген еді. Сондықтан қала әкімдігі 100 жаңа баған орнатқан. Енді, тұрғындардың рұқсатынсыз мына жерлерді қазып жатыр», – деді Медеу ауданының тұрғыны Мария Кукса.

«Ыңғайсыз, есігімнің дәл алдын қазып жатыр. Дәл қоршауға  жақын. Ол жерде жылыту құбыры бар. Тағы суым бар. Жылу жүйесін қазғанда, мұндағы қазылған топырағын көліктеріне салып алып кетті. Содан топырақ жинадық. Бәріміз сол жерге салып, содан тегістеп алдық», – деді Медеу ауданының тұрғыны Гүлбаршын Екібаева.

Шағымданушылардың сөзінше, қала билігі мұнда тоқ жүйесін жерасты өткізуге рұқсат бермегенімен, жаңа бағандар қойып берсе де, жұмысшылардың жерді қазуы түсініксіз жайт. Бұл жоба аудандағы мемлекеттік нөмірі №141 балабақшаны жарықпен қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылып жатыр екен. Осылай таңертең басталған жұмысты тұрғындар көліктерімен бөгеп, уақытша тоқтатты. Тоқ пен судың бір жерде орналасуы қауіпті болуынан бөлек, тіпті, қоршаулары құлап кете ме деп қорқады. Олар жауаптылардың мәселені шешуін талап етіп отыр.

Тоқ кабелдерін орналыстырумен айналысатын қосымша мердігер ұйым тек берілген жоспарды орындап жатқанын айтып ақталды. Медеу ауданының әкімдігі тапсырыс беруші өзге басқарма екеніне сілтеп, арнайы мамандары халықпен тілдесті. Ал, балабақшаны жөндеп жатқан негізгі мердігерлер барлығына құжат бар, заңды түрде іске асуда дейді.  

«Бәрі жобамен келісілген, жоспар бойынша жүзеге асуда. Соларды енді тартып жатырмыз. Біздің қатеміз болар мүмкін жаңағы түсіндіріп айтпағанымыз. Ал, тоқ жүргізу жұмыстары біткеннен кейін былғанып қалмасын деген тұрғындарға айтарымыз, оны біз тазалап, бәрін салып, асфальтын түзеп кетеміз», – деді мердігер компанияның бас маманы Садықжан Садықов.

Ал, тапсырыс берген құзырлы орган өкілі жоба 3 жыл бұрын жасалып, тексеруден өтіп, қаржы бөлініп қойғанын айтты.

«Тұрғындар тарапынан басты наразылық – балабақшаға тоқты алыс қашықтықта орналасқан трансформаторлық қосалқы станциясынан тартуымыздан туып отыр. Ал, негізі бұл мекеменің құрылыс жұмысының жобасы 2017 жылы жасалған. Ол кезде «Алатау жарық» компаниясы шектеулі серіктестігінің тоқ көзіне қосылуға берген нүктесі осы жер еді. Мына балабақша жанындағы тоқ станциясы болмаған», – деді Жайлы қалалық орта басқармасының бас маманы Асқар Қыдырбай.

Сондай-ақ, Медеу ауданындағы бірнеше көшелерді қамтитын тоқ желісінің ұзындығы бір жарым шақырымды құрамақ. Қазып жатқан мердігер ұйым жұмысты 25 амызға дейін аяқтауды жоспарлап отыр.  

Аяулым Көлжігіт, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы