Алматы «қызыл» аймақта болса да, карантин талаптарын сақтамайтын мекемелер азаймай тұр. Соған байланысты қалалық штабтың мамандары өткен түні Медеу ауданына тексеріс жүргізіп, санитарлық ережелерді бұзған 2 мейрамхананы анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv
Бірі келушілерді шамадан тыс артық қабылдаған болса, екінші кәсіпкерлік нысанның қызметкерлері тіпті бетперде де тақпапты. Әрі мұнда тыйым салынған қор-қор шегілген.
«Медеу ауданында қазір 4 мониторингтік топ жұмыс істеп жатыр. Оның 2 күндіз шықса, қалған 2 түнде шығады. Қаламыз «қызыл» аймақта болғандықтан, аудан кәсіпкерлері мен тұрғындарынан өтінерім денсаулығымызға жауапкершілікпен қарайық», – деді Медеу аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Арман Сапаров.
Тексеруші мамандар көп ұзамай Назарбаев даңғылының бойындағы түнгі барлардың да жұмысын әшкереледі. Мұнда келушілердің көптігі соншалық іші де, сырты да адамға лық толы. Мониторингтік топ өкілдері карантин тәртібі өрескел бұзылғандықтан, кәсіпкерлерге хаттама толтырып, тиісті органға жолдады.
«Алматы қаласы қазіргі таңда «қызыл» аймақта екені бәрімізге мәлім. Сол бойынша мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілуде. Қазіргі таңда 8 аудан бойынша мамандар тексеріс жүргізіп жатыр. Сол бойынша қала тұрғындарынан және қонақтарынан карантин талаптарын сақтап, маска киюлерін және адам көп шоғырланған жерлерден аулақ болуын сұраймыз», – деді қалалық кәсіпкерлер палатасының өкілі Қуанышбек Жақсыбек.
Айта кетейік, ұсталған мекемелердің барлығы да осыған дейін бірнеше мәрте тәртіп бұзып, көзген түскен еді. Ал статистикаға сүйенсек, Медеу аудандық мониторингілеу топтары соңғы аптада 300-ден астам кәсіпкерлік нысанына тексеріс жүргізіп, 7 заңды тұлғаға хаттама толтырған. Бүгінде індет жұқтыру көрсеткіші артқандықтан, тексеріс жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса бермек.
Мерей Қанапиянов, Мұрат Тайжанов «Алматы» телеарнасы