Алматыда екі күнге карантин режимі қайта күшейді. Бұған елдегі ушыққан эпидемиологиялық ахуал себеп, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Соған орай барлық халық көп жиналатын жерлер уақытша жабылды. Қоғамдық көлік жұмысы дүйсенбіге дейін тоқтатылды. Мұндағы басты мақсат – коронавирустың таралу тізбегін жойып, жаңа жұқтыру оқиғаларын төмендету. Ал қаладағы жағдайды 2 мыңнан аса тәртіп сақшысы патрульдеуге шықты.
Бұл – Наурызбай ауданындағы ірі базарлардың бірі. Бүгін бір мезетте 250 жалға алушы жұмысқа шыққан жоқ. Бірақ осы уақытты базар әкімдігі тиімді пайдалануды шешкен. Бүгін олар тазалық жұмысын жүргізіп жатыр. Ал ертең базар ішінде дезинфекция жүргізіледі.
Жалпы аумағы 57 мың шаршы метр болатын әмбебап базар әкімдігі ертеңге арнайы мамандарды шақырған. Аумақ бос болғандықтан, жақсылап залалсыздандыру жұмыстарын жүргізбек. Айта кетейік, онда құрылыс материалдары, тұрмысқа қажетті тауарлар және көлікке арналған қосалқы бөлшектер сатылады. Мұнда әсіресе демалыс күндері адам көп келеді. Базар әкімдігі кәсіпкерлердің барлығы табыстан қағылса да үкіметте қабылданған қаулыны құп көрді дейді. Өйткені олар «Басты байлық – денсаулық» екенін ұмытпайды.
«Бәрі түсінеді ғой енді. Коронавирус деген ойыншық емес. Бәріміз соған бола жабылып жатырмыз. Арнайы компания бізге келіп дезинфекция жасайды. Оны біздің санитария дәрігері қабылдап, қадағалайды», – деді базар басшысының орынбасары Қайрат Исаханов
.
Жабылған сауда үйлері де жаппай тазалық шараларына кіріскен. Олар да арнайы хлор қосылған қоспамен дүкен ішін мұнтаздай етіп жалтыратып жатыр. Сондай-ақ, дезинфекторларды шақырып айналаға арнайы сұйықтық шашқызып жүр.
Бұл күндері Алматыда фитнес залдар да жабық. Мәселен, Наурызбай ауданында денені шынықтыратын 6 осындай орталық бар. Олардың барлығы құрал-жабдықтарын, залдың ішін сұйықтықпен жуып, дүйсенбіге дайындап жатыр. Мұның барлығы тазалық күшейтіп, аурудың таралмауына жол бермеу үшін қолға алынды.
«3 базарымыз жабық. 6 фитнес клубы бар. 40-қа жақын кафе бар. Оның сегізі жазғы алаңымен. Солар ғана жұмыс істеп тұр. Қалғаны бәрі жабық. Кәсіпкерлер түсінушілікпен қарады. Бәрі қолдады. Өйткені, қазір білесіздер, эпидемиологиялық жағдайды қатал бақылауға алғанын бәрі түсініп, қолдап отыр», – деді Наурызбай аудандық Кәсіпкерлік және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы Ерлан Заурбеков.
Елдегі эпидемилогиялық жағдайға алаңдаған Алматы тұрғындары маскалық режимді сақтау керек дейді. Мүмкін болса, өзі және өзгенің денсаулығы үшін халық көп жиналатын жерлерге бармауға үндейді.
БЛИЦ:
1. Негізі сақтану керек. Әзірге көбі сақтанбай жатыр. Өзіміз де көріп жатырмыз. Енді оны кімнен көреміз?! Халықтың бәрін ереже бағынуын күтеміз.
2. Біз тіс дәрігеріне бара жатырмыз. Иә, маска тағу керек. Қауіпсіздік ережелерін сақтап жүру керек қой.
Карантин күшейтілген сенбі-жексенбі күндері серуендеуге, бостан-босқа көшеде жүруге болмайды. Тек жақын маңдағы дүкендерден қажет заттар мен дәріханалардан дәрі-дәрмек алуға болады. Дүйім елге далаға шықпай үйлерінде отыруы туралы алдын ала ескертілді.
Бұл күндері Алматы қалалық полиция департаменті патрульдеуді күшейтті. Ортақ талапты түсінбегендерге тәртіп сақшылары бәрін тәптіштеп түсіндіреді. Ал талаптарды орындамағандарға қатысты әкімшілік шара қолдана алады.
Алматының бір ауданындағы тыныс тіршілік осындай. 2 күнге жабылған нысандар қатарында саябақтар да бар. Халық демалыста жатса да, айтылған нұсқауды орындайтыны байқалады. Дегенмен мамандар карантин күшейтілген осы екі күнде ғана емес індет үзілгенше ережелерді ескеру қажет дейді. Сондықтан себепсіз сыртқа шықпау, адам көп шоғырланған жерлерге бармау қажет. Ал, бүгін-ертең жабық нысандар толық дезинфекцияланады.
Жадыра Омаржан, «Алматы» арнасы