Алматыда демалыс күндері 500-ге жуық нысан залалсыздандырылады

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv
Ауқымды дезинфекциялық жұмысқа 70 техника бірлігі мен 150 адам жұмылдырылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қала аумағында дезинфекциялық жұмыстар таңғы сағат 08.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жүргізілді. Бүгінгі залалсыздандыру жұмыстарының ерекшелігі сол әдеттегі күнге қарағанда ауқымды өткізілді. Жалпы жоспар бойынша сенбі және жексенбі күндері 494 нысан залалсыздандырылады деп күтіліп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгін қаладағы аялдамалар, банкоматтар, жер асты және жер үсті өтпелі жолдарға ауқымды дезинфекция жүргізіліп жатыр. Бұл мекендер адам көп жиналатын орын болғандықтан, түрлі инфекция мен вирустан таза болуы маңызды. Қалада карантин басталғалы «Алматы Тазалық» мердігер мекемесі демалыссыз жұмыс істеп келеді. Мәселен, бір ғана Бостандық ауданында дезинфектор мамандар 1 миллион 300 шаршы мертге дейінгі аумаққа залалсыздандыру жұмыстарын жүргізеді.

«Бүгінгі дезинфекциялық жұмыстар күндегіге қарағанда ауқымдырақ. Екі есеге көп десек те болады. Өйткені бүгін карантин режимі күшейді. Соған байланысты бүгін және ертең күшейтілген түрде жұмыс жасаймыз. Жалпы бүгінгі күннің ерекшелігі көшеде адамдар аз. Қоғамдық орындарындағы адамдар дезинфекция жұмыстарын жасауға кедергі келтірмейді. Көшеде машина да аз. Сондықтан бізге жұмыс жасауға да ыңғайлы», – деді Бостандық ауданы бойынша «Алматы Тазалық» мердігерлік мекемесі басшысының орынбасары Айдын Шолтықов.

Мамандардың айтуынша мұндай жұмыстар коронавирустан өзге де жұқпалы аурулардың таралуына тосқауыл болмақ. Дезинфекция жұмыстарына химиялық әсері бар хлор пайдаланылып жатыр. Мамандар қоспаның әсерін әдеттегіден аздап күшейткенін айтады. Дәрілік қоспаның дозасы 4-санатқа жатады. Десе де ол қала тұрғындары мен үй жануарларына еш қауіп төндірмейді, дейді мамандар.  

Қаладағы дезинфекциялық жұмысқа дәл осындай 70 техника жұмылдырылған. Олар өз жұмыстарына бүгін таңғы сағат 08.00-ден бастап кірісті. Әдеттегі демалыс күндері адам аяғы арылмайтын бұл саябақта бүгін ешкім жоқ. Саябақ айналасы темір қақпамен қоршалған. Оларды тәртіп сақшылары күні-түні күзетіп тұр.  

Қалада дезинфекциялық жұмысты белсенді жүргізудің нәтижесінде күн санап қауіпті ошақтар саны да азайып келеді. Десе де тұрғындарға еркінсуге болмайды. Сақтық шаралары қатаң сақталуы тиіс.

«Дезинфекциялау жұмыстары басталғалы аудан аумағы аптасына екі рет толық қамтылады. Бүгінгі жұмыс барысында жалпы 8 техника мен 20 адам жұмылдырылған. Аудан алтыға бөлініп, әр бөлікте жаяу жүргіншілер, қоқыс тастайтын жәшіктер толық жасалып жатыр», – деді Алмалы ауданы бойынша «Алматы Тазалық» мердігерлік мекемесі басшысының орынбасары Азамат Қолдасов.

Сондай-ақ көшелерден бөлек, 9 метро бекеттері мен 7 поезд да залалсыздандырылуда. Әсіресе, жолаушылар ұстап тұратын тұтқа, орындықтың арқалығы, есік, терезелерді тазарту жұмыстары баса назарға алынған. Олар арнайы сұйық қоспа және буландырғыш құралдармен өңделіп жатыр. Дүйсенбі күні барлық станциялар жұмысқа жаңа қарқынмен қайта кіріседі.

Ал, сауда және қызмет көрсету орындарын залалсыздандыруды меншік иелері өздері жүргізуге міндеттеледі. Жалпы қала бойынша, ауқымды дезинфекциялық жұмысқа 70 техника бірлігі мен 150 адам жұмылдырылған. Еске салайық, еліміздің бірқатар өңірлерінде бүгін және ертең карантин талаптарының күшейтілгені мәлім. Сондықтан Алматыда да барлық орындар жабық, қоғамдық көліктер жұмысы тоқтатылды.  Тек тамақтану орындарындағы жазғы алаңдар ғана жұмыс істеп тұр. Оның өзінде карантин талаптарын қатаң сақтау шартымен ғана.

Құрметті көрермен, қалада карантин шараларынкүшейтіліп дезинфекциялық жұмыстары жасалды. Дегенмен мамандар сіздерде тазалыққа аса мән бергендеріңізді қалайды. Жүргізіліп жатқан сақтық шаралардың барлығы да сіз бен біздің қауіпсіздігіміз үшін. Карантин талаптарын барынша қатаң ұстану арқылы сіз өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығын сақтап қала аласыз. Айта кетейік,  қаладағы жаппай дезинфекциялау жұмыстары ертең де дәл осы қарқынмен жалғасын табады.

Ұлағат Арғын, "Алматы" арнасы


Новости партнеров