Креативтік индустрияларды дамыту үшін музыка, кино, дизайн, жаңа медиа, жарнама және т.б. сияқты басым бағыттар айқындалды. Инфрақұрылым, білім беру ортасы құрылуда, қаржылық қолдау шаралары қабылдануда, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы қаласы әкімі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Креативтік индустриялар кеңесінде өтіп бара жатқан жылғы жұмыстың негізгі нәтижелері мен алдағы екі жылға арналған даму жоспарлары қаралды.
Қаланың заманға сай креативті кеңістігін ұйымдастыру мақсатында Alatau Сreative Нub ашылды. Depo Evolution Park құрылысы жүргізілуде, креативтік индустриялар паркі мен заманауи өнер мұражайын құру жоспарлануда.
De Montfort University Kazakhstan жаңа халықаралық университетінде мамандар даярлау үшін АТ және дизайн бойынша сұранысқа ие пәндер ашылды. Сонымен қатар, 11 креативті бағыт бойынша Almaty Creative Class білім беру платформасы құрылды.
Ағымдағы жылы Almaty Creathon 2021 креативті стартаптар бойынша чемпионат өткізілді. Кеңесте креатонның үздік бес командасы Алматы әкімінің алғыс грамоталарымен марапатталды. Сонымен бірге оларға Alatau Сreative hub-да жұмыс кеңістігі берілді.
Кеңес барысында креативті кеңістікті ұйымдастыру жөніндегі сарапшылардың ұсыныстары қаралды. Сондай-ақ, алдағы кезеңге, оның ішінде мегаполистің креативті индустрияларын дамытудың нақты шараларын әзірлеу жөніндегі міндеттер айқындалды.