|
01.12.2023 | 20:06
3392

Ажар Ғиният қызылша өршіген өңірлерді атады

Республика бойынша 19 мыңға жуық жағдай тіркелген

Ажар Ғиният қызылша өршіген өңірлерді атады Almaty.tv

Елімізде қызылшаға қатысты жағдай әлі де тұрақсыз. Өткен тәулікте республика бойынша 230 баладан инфекция анықталған. Бұл туралы бүгін Алматы қаласына жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Министрдің айтуынша, ел бойынша қызылшаға қатысты жағдай әлі де күрделі. Әсіресе балалар арасында өршіп тұр. Бүгінге дейін республика бойынша 19 мыңға жуық жағдай тіркелген. Оның 82 пайызы 14 жасқа толмағандар. Вирус қазір еліміздің 4 өңірінде өршіп тұр. Олар екі мегаполис – Шымкент пен Алматы. Жамбыл және Алматы облыстарында науқас көп. Бас дәрігер вирустан құтылудың жалғыз жолы екпе екенін айтты.

– Бұл вакцинаны елімізде 10 жыл бойы пайдаланған. Балаларға ектік, 10 жыл ішінде екпеге қатысты қиын жағдай тіркелмеген, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Сондай-ақ еліміздің бас дәрігері Алматыдағы өрттен зардап шеккен науқастың жағдайын білу үшін ауруханаға арнайы барды. 27 жастағы әйел адамның денсаулығы орташа ауыр. Қазір қаладағы шұғыл көмек көрсету ауруханасында токсикология бөлімінде ем қабылдап жатыр. Одан бөлек, Денсаулық сақтау министрі Алатау ауданында 500 орынға арналған инфекциялық аурухана салынып жатқанын да мәлімдеді.

– Жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығында ғылыми-зерттеу және оқу орталықтары, зертханалар, медициналық университеттердің кафедралары орналасатын болады. Жаңа мекемеде жұқпалы аурулар, пульмонология және фтизиатрия саласында сапалы медициналық көмек көрсетіледі, зерттеулер жүргізіліп, мамандар оқытылады, озық медициналық технологиялар пайдаланылып, дәрілік препараттар сыналады, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Еліміздің бас дәрігері Ажар Ғинияттың Алматыға жұмыс сапары жаңа ғана аяқталды. Бүгін ол қаладағы медициналық нысандардың басшыларымен кездесті. Үкіметтік емес ұйым мүшелерімен жолықты. Науқастарды жеке қабылдады. Жиын кезінде көтерілген мәселелер мен қаралған сұрақтарды министр Үкімет деңгейінде қарастыруға уәде етті.

Оқи отырыңыз: Денсаулық сақтау министрі Алматыға жұмыс сапарымен келді

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир