Электронды кітаптар, Wi-Fi, коворкинг орталығы: қайта жаңғыртудан өткен Алматы кітапханалары

Almaty.tv
Almaty.tv
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаладағы жаңаша көмкерілген кітапханаларға барды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаладағы жаңаша көмкерілген кітапханаларға барды. Бірінде коворкинг орталығы болса, енді бірінде оқырманға қызмет көрсету сапасы артты. Одан бөлек, кітап қоры да толыққан. Енді оқырмандар бұрынғыдай кітап оқып қана қоймай, әлеуметтік желіні тегін пайдалана алады. Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын заманауи кітапханалардың мүмкіндігімен танысып келді.

Түрксіб ауданындағы №1 балалар кітапханасы 1938 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ғасырға жуық тарихы бар нысан бүгінде адам танымастай өзгерген. Кітап қоры 27 мыңға жуық. Басым бөлігі қазақ тілді туындылар. Сурет салу мен әдеби клуб сынды балаларға арналған үйірмелер саны да көбейе түскен. Аудандағы балғындар енді мұнда ағылшын тілі мен компьютерлік сауаттылықты тегін оқи алады.  

«Кітапханаға келетін жыл сайынғы оқырмандар саны орта есеппен 28 мыңға жуық. Алдағы уақытта оның санын 35 мыңға дейін көтеріледі деп жоспарлап отырмыз. Себебі осындай жаңа кейіпке енген кітапханаға тұрғындардың қызығушылығы артып, көптеп келеді деп ойлаймыз», – деді  қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесі директорының орынбасары Наталья Коваленко.

Ал, қаладағы №26 кітапхананың ерекшелігі – мұнда коворкинг орталық бар. Қызылды-жасыл жарық шамдар мен жайлы орындықтар. Заманауи стильде жасалған кітапхана оқырман санын толықтырып, мәдени деңгейінің көтерілуіне үлкен ықпал етеді дейді кітапханшылар. Аудан тұрғыны Сәбит Есенгелді мұндай жағдай жасалғаннан кейін кітапханаға келмеу ұят дейді.

«Бұл кітапханаға ең алғаш рет 2017 келген едім. Ол кездегі мен қазіргінің айырмашылықтары өте көп. Жаңартылған кәтапхананың басты ерекшелігі – тегін Wi-Fi, жаңа компьютер залымен толықты», – деді  Түрксіб ауданының тұрғыны Сәбит Есенгелді.

Бұл жерде жайланып отырып, кітап оқып қана қоймай, ғаламторды да еркін пайдалануға болады. Компьютерлер саны да артқан. Тағы бір ерекшелік. Кітапхана қайта жаңартудан өткеннен кейін кітаптар стиляжы орнатылған. Мына сөренің бәрін де кітаптар жиналған. Осы батырманы айналдыру арқылы кез келген кітабыңызды оңай табуға болады.

Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев қайта жаңартудан өткен №44 кітапханаға да бас сұғып, жаңа келбеті мен кеңістігіне оң бағасын берді. Аудан тұрғындары мұнда кішкентай бүлдіршіндерімен де келсе болады. Себебі балғындар үшін арнайы ойын алаңы да қарастырылған. Енді кітапхана аптаның жеті күнінде демалыссыз жүмыс істейді.

«Модернизацияға дейін біздің кітапханада  кітап қоры аз еді. Бүгін осындай өзгерістен кейін, кітапханаға қала әкімдігі мен мемлекеттік тапсырма бойынша алатын кітаптарымыз көбейді», – деді №44 кітапхананың меңгерушісі Ләззат Спатаева.

Әуезов ауданындағы Қазақстан жазушылар кітапханасы да ерекше өзгерген. Бұл – орталықтандырылған кітапхана филиалының ішіндегі жетекшісі. Осыдан 58 жыл бұрын жұмысын бастаған мекеме оқу залы мен кітап қоймасынан ғана тұрса, енді заманауи форматтағы технологиямен жабдықталды. Қала әкімі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай кітапханаға 30 кітап сыйлады.  

«Жазушылар Қабдеш Жұмаділовтің кітаптары, Абайдың кітаптары бар оның ішінде. Иран Ғайып, Болат Бопайдың да кітаптары бар. Сонымен бірге, Қазақтан жазушылар одағы мүшелерің 30 кітабымен толығып отыр біздің кітапхана», – деді  Қазақстан жазушылар кітапханасының меңгерушісі Елена Ағайса.

Еске салайық, қалада орталықтандырылған кітапханалар желісінің 26 филиалы бар. Бүгінде олардың 10-ы мемлекеттік бағдарлама арқылы қайта жаңартудан өтті. Қала әкімдігі тарапынан жергілікті ақын-жазушыларға да қолдау көрсетіп келеді. Олардың шығармаларын басып-шығару үшін былтыр шаһар басшысы әр жазушыға грант бөлген еді.  

Ұлағат Арғын

Новости партнеров