Ойығы шыққан жолдың кесірінен аудан халқы қалаға да әрең қатынап жүр
Алматыдағы Қарасу ықшамауданың тұрғындары да жол азабын тартып отыр. Ойығы шыққан жолдың кесірінен аудан халқы қалаға да әрең қатынап жүр. Себебі №129 және 20-автобус тек ықшамауданның кіреберісіне дейін ғана келіп, қайта бұрылып кетеді екен. Ал, транспортқа жауапты мекеме түйткілге шұңқыры көп жолдар себеп дейді. Мәселенің жай-жапсарын Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай анықтап келді.
Ермек Абызбай Қарасу ықшамауданында 25 жылдан бері тұрады. Оның айтуынша, батпақ кешіп жүргеніне жарты жылға таяп қалған. Онымен қоса, жергілікті тұрғындар не ауыз суға, не жол жиегіне қол жеткізе алмай отыр. Енді олардың қатарына қоғамдық көлік мәселесі де қосылған.
«Осы көшеде жүретін автобустар ереуіл жасады. Жолды жөндемесеңдер, көлігіміз жүрмейді деп жатыр. Осы жергілікті жердің өзін-өзі басқару төрағамен кездестім. Ол кісі әйтеуір дауласып жүріп, уақытша жүргізді», – деді Алатау ауданының тұрғыны Ермек Абызбай.
Ал, қоғамдық транспорт қозғалысына жауапты мекеменің өкілдері автобустарын бекітілген бағыт бойынша жүргізуге үзілді кесілді бас тартып отыр. Себебі көліктер аудандағы көшелердің саз-балшығына жиі батып қалады екен. Сол себепті мекеме тұрғындардың өтінішімен бір күн ішінде автобустардың жаңа бағытын шығарып беруге уәде берді.
«Жолдар өте нашар. Автобустар күнде тығылып, күнде сынып жатады. Центральная көшесімен жүру мүмкін емес болғандықтан, біз қазір басқа бағытпен жүргіземіз деп ойлап тұрмыз. Өйткені Қарасу халқы бізге өтініш беріп жатыр», – деді «ДУМАН ТРАНС KZ» ЖШС директоры Жазира Еңсебаева.
Жоспар бойынша мердігер компания ауданда су құбырлары мен кәріз жүйесін тартуы керек еді. Құбырлар орнатылып жатқанымен, жол сол қалпы шұңқыр болып қалып қоюда. Мердігерлер көшелерді қазып, құбырларды орнатқаннан кейін бірден қалпына келтіріп жатырмыз дейді. Алайда соңғы уақыттағы жауын-жашынның жиіліп кеткеніне байланысты әзірге асфальт төсеуге мүмкіндік болмай тұр екен.
«Жол параллель бізбен бірге жұмыс істеп келе жатыр. Қай жер дайын болды қазір, сол жерімізде асфальт салынып жатыр. Қазір мына ауа райына байланысты асфальт сала алмай отырмыз. Қалай жаңбыр кетеді солай Центральная көшесіне асфальт салып береміз», – деді мердігер компанияның өкілі Әнуарбек Махамбетов.
Мердігер компания аудандағы құрылыс жұмыстарының барлығын жыл соңына дейін аяқтамақ. Бұл келесі жылға дейін аймақ ауыз су, асфальт жол мен кәріз жүйесімен толықтай қамтамасыз етіледі деген сөз. 2019 жылдың күзінде басталған жөндеу жұмыстарының қазір 60 пайызы біткен.
Сымбат Ноғай, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» арнасы