Алматыда шығынға ұшыраған кәсіпкерлерден арыз қабылдау пункті ұйымдастырылады

Алматыда шығынға ұшыраған кәсіпкерлерден арыз қабылдау пункті ұйымдастырылады
Қала әкімі қарақшылар тонап, астаң-кестеңін шығарып кеткен бизнес нысандарын аралады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев тәртіпсіздік салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлермен кездесті. Жұмыс сапары барысында мегаполис басшысы содырлар тонап кеткен сауда және қоғамдық тамақтану нысандарын аралады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қарақшылар тонап, астаң-кестеңін шығарып кеткен бизнес нысандарын барып аралады. Кәсіпкерлермен кездесіп, оларға келтірілген шығындарды өз көзімен көрді. Алдымен Арбатта орналасқан киім-кешек дүкеніне кірді.

«Келтірілген шығын шамамен 80-100 миллион теңгегедей болады. Алматыда біздің төрт дүкенімізге нұқсан келтірілді. Әсіресе «Азия парк» сауда орталығындағы нүкте қыруар шығынға батты», – дейді киім-кешек дүкенінің директоры Әділет Нұрбеков.

Жалпы, орталық әмбебап дүкенінде 576 витрина сөресі қираған.

«Сауда үйінің видеокамералары, жарық жүйесі, сыртқы есіктері сынып, бүлінген. Люмьера кинотеатрының есігі қирады. Қазір өз қаржымызға шамамыз келгенше қалпына келтіріп жатырмыз», – деді «ОӘД» сауда үйінің директоры Сергей Иванов.

Ал Арбаттан сәл төмен орналасқан қару-жарақ дүкенінің сау-тамтығы қалмаған. Мегаполис басшысы бұл дүкенге де бас сұқты. Ішін төңкеріп тастаған қаскөйлер сөреде тұрған қарудың бәрін үптеп кетіпті. Бірақ дүкен иелері олардың толық жұмыс істемейтін, яғни кейбір керекті бөлшектері жоқ қарулар болғанын айтады.

«Қылмыскерлер Алматыдағы қару дүкендерінің балансында бар қарулардың көбін ала алмаған. Мен мұны толық сеніммен айта аламын. Олар тек дүкен сөрелерінде тұрғанын ғана иемденді. Қалған қарулар бізде арнайы қоймада сақталады. Ал ол қоймаға бұзақылар кіре алмаған. Сонымен қатар барлық дүкеннің қауіпсіздік және техникалық құрылымы өз қызметін толық атқара алды», – деді қазақстандық «Қорамсақ» қару-жарақ қауымдастығының атқарушы директоры Сергей Катнов.

Мұндағылар қылмыскерлер дүкенді тонауға әбден дайындалып келген дейді. Олардың қабырғаларды тесіп, жаратын ірі кескіш құралдары болған екен.

Дүкен қызметкерлерінің сөзінше, басбұзарлар ең алдымен брондалған темір есік арқылы ішке кіруді ойлапты. Бірақ ол әркетінен ештеңе шықпаған. Бұзақылар темір есікті бүзып кіре алмағандықтан, ғимаратты айналып өтіп, сыртқы қосымша есіктен кіріп, қоймадағы теміртор мен қабырғаны бұзып мынадай сөресі бар бөлмеден бір-ақ шығып, ішке кірген.

Телефон мен акссесуарлар сататын дүкеннің жалға алушы кәсіпкерлері қираған нысанды қайта қалпына келтіруге кіріскен. Шағын дүңгіршектерді жалға алғандардың әрқайсы кем дегенде, 1 миллион теңгедей шығынға батып отыр.

«Мысалы, менің дүкеніме келген залал көлемі 1 миллион теңгеге жуықтайды. Жалдайтын пәтеріміз, төлейтін несиеміз бар. Сондықтан бұл сома біреуге аз болып көрінгенімен, бізге ауыр. 15 миллионға дейін шығынға түскен адамдар да бар. Анығын енді есептеп, нақтылаймыз», – деді кәсіпкер Әсел Хасанова.

«Қымбат телефондарымыз, аксессуарларымыз, нөмірлер бар еді. Құжаттарымыздың ешқайсысы, тіпті мөр де жоқ. Фискалды чек беретін аппаратты сындырып кеткен. Сөрелерді де талқандап кеткен. Шынын айтқанда, түк қалдырмаған», – дейді кәсіпкер Венера Омарбекова.

Кәсіпкерлермен кездескен Бақытжан Сағынтаев шағын және орта бизнеске келген барлық шығын өтелетінін, сауда залдары қалпына келтірілетінін хабарлады. Сондай-ақ қала әкімі Сәтпаев көшесіндегі тамақтану орындарын, зардап шеккен электроника және спорт тауарларын сататын нысандарды да аралады. Жұмыс сапары кезінде Полиция департаментіне орталық әмбебап дүкені ғимаратында, яғни ЦУМ-ның ішінен арыз қабылдау пунктін ұйымдастыруды тапсырды. Ал «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы консультативтік көмек көрсетеді.

Назкен Еркін, Медет Саматұлы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров