Көне шаһар келбеті: Алматыда «Аққу» дәмханасы күзде ашылады

18.06.2024 01:11

Жауаптылар дәмхананың жазғы алаңы болатынын айтты

Almaty.tv

«Аққу» дәмханасын жаңғырту аясында нысанның тарихи келбетін сақтап қалуға тырысамыз». Кафені қайта қалпына келтіру жобасына жауаптылар осылай дейді. Мамандардың сөзінше, қайта бой көтеретін тамақтану орны жаңашыл әдіс-тәсілдермен салынады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Аты аңызға айналған «Аққу» дәмханасы биыл күзде ашылады. Қайта жаңғырту аясында іргетасы қаланып жатқан нысан бұрынғыдай бір қабатты болмақ. Алайда заманға сай құрылыс ескеріліп, жаңаша әдіс-тәсілмен бой көтереді.

– Нысанның қасбетін, есік-терезелерін дәл солай қалдырамыз. Барынша тарихи келбетін сақтап қалғымыз келеді. Суреттерін, эскиздерін қарап шықтық. Бірақ кей жерінде заманға сай өзгерістер болуы мүмкін, – деді инвестициялық компанияның өкілі Медет Қасымов.

– Біз дәмхананың ішіндегі жиһаз, безендіру және жарықтандыру сияқты дүниелерді қаз қалпында қалдыруға тырысамыз. Басты мақсат – тарихи һәм заманауи үлгіні ұштастырып, қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шығу, – деді инвестициялық компанияның өкілі Ксения Гайдамакова.

Жауаптылар дәмхананың жазғы алаңы болатынын айтты. Сондай-ақ техникалық қажеттілік пен инфрақұрылым үшін жертөле салу жоспарланған.

– Құрлыс саласында экологиялық, сейсмикалық талаптар бар. Талапқа сай жобаны жоспарлап, іске асырып жатырмыз. Құрылыс материалдары, дизайн заманауи болғанымен тарихи келбетін сақтап қалуға күш салдық, – деді Инвестициялық компанияның қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Батырхан Қуатбек.

Қайта жаңғыратын кафенің айналасына жасыл желек отырғызу мәселесі де ұмыт қалмады. Онда қылқанжапырақты ағаштар мен емендер егіледі. Ол жақсы микроклимат қалыптастыруға сеп болады.

Гүлмарал Изатқызы, Адель Ақжаркенова, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда «Алтын жас» бағдарламасы іске қосылды