Алматыда қысқы қар тазалау жұмыстарына дайындық барысы айтылды

07.10.2020 21:28

Биыл шаһардағы 2318 көшені тазалауға мыңнан аса техника жұмылдыру жоспарланып отыр

Almaty.tv

Алматыда қысқы қар тазалау жұмыстарына дайындық 1 қарашаға дейін жүз пайызға аяқталады. Бұл туралы қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасы көріктендіру бөлімінің бас маманы мәлімдеді. Сондай-ақ, биыл шаһардағы 2318 көшені тазалауға мыңнан аса техника жұмылдыру жоспарланып отыр. Толығырақ  Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіттің бейнематериалында.

Биыл қыс мезгіліне дайындық жұмыстары ерте басталып, жалпы шаһар аумағында 1035 арнайы көлікті жұмылдыру жоспарланған. Бірақ қазір бұл техникалардың 25 пайызы ғана қажетті құралдармен жабдықталған. 15 қазанға дейін 50 пайызы, ал 1 қарашаға дейін 100 пайызы пайдаланылуға дайын болмақ.    

«Биыл қыста тазарту жұмыстарымен 13 мердігер мекеме айналысатын болады. Олардың ішінде «Алматы тазалық» коммуналды мемлекеттік кәсіпорны шаһар аумағының 60 пайызын тазартады. Қазіргі таңда қала бойынша барлығы 1035 техника мен 1400 жол қызметкері бар. Ал, қатты қар жауғанда қосалқы 1200 жұмысшыны тартуды жоспарлап отырмыз», – деді қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасы көріктендіру бөлімінің бас маманы Александр Сергеев.

Қазір қалалық Тұрғын үй саясатының көріктендіру бөлімі мегаполистегі 18 мердігер ұйыммен келісімшартқа отырған. Олар қар тазалауға қажет 150 бірлік жүк көлігін қосалқы береді екен. Жалпы, қысқы жұмыстарға 33 мың тонна тұз бен 80 мың тонна құм дайын тұр дейді мамандар. Ал, қар қатты жауған жағдайда, қосымша 10 мың тонна тұз бен 15 мың тонна топырақ тағы да алынатын болады.

Ал Бостандық ауданындағы «Алматы тазалық» мекемесінде көлік жолдарын қардан тазартатын 31 техника бар. Бұл камаздар жазда көшелереде су шашатын болса, қыста қажетті бөлшектері ауыстырылады. Ал, алғаш қар түскенде бұл көліктер жолға тұз араласқан құмды шашып, 3 сағаттан соң қайта тазартады. Осы жұмыстар біткеннен кейін, арнайы техникалар келіп, жол жиегіне жиналған қарды тиеп алып кетеді.

Қысқы шаруалармен айналысатын «Алматы тазалық» кәсіпорыны шаһардағы 6 ауданды тазалайды. Тек Бостандық ауданында орналасқан мекемеде қазір 160 адам жұмысқа дайын отыр. Қажет жағдайда 360-ы қосымша жұмылдырылмақ.

«115 техника жұмыс істейді бұл аудан бойынша. Бізде жыл сайын жаңа техникалар сатып алынуда. Мысалы, биылғы жылға бізге 2 фронтальный погрузчик, 2 камаз, 2 автобус келді. Жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Демалыс орындары бар қар жауғанда демалатын. Арнайы формалары бар, аяқкиімі бар», – деді Бостандық ауданы «Алматы тазалық» МКК басшысының орынбасары Айдын Шолтыков.

Ал, былтыр шетелден қарды жинайтын көлемі кіші арнайы техникалар сатып алыныпты. Соның арқасында, биыл шаһар аумағында қысқы жұмыстар жалпы 8 аудандағы 2318 көшеде және жүргіншілер жолында да жүргізілмек.

Аяулым Көлжігіт, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы