Өмірін құрылысқа арнаған сәулетші осыған дейін де «Парасат», 3-дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталыпты
Алматыда жылына 1 рет қана берілетін атақты тек 5 адам иеленді бүгін. «Қаланың құрметті азаматы» шаһар күнінде табысталады. Бұл жолы Алматының дамуына үлес қосқан сәулетшілер мен әншілердің, қоғамның әл-ауқаты мен спорт саласына еңбек сіңірген алматылықтардың есімі ұлықталды. Еңбегі еленгендер әріптестерінің құрметіне бөленіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv
Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қолынан алғыс хат алғандардың бірі – Тоқтар Ералиев. Өмірін құрылысқа арнаған сәулетші осыған дейін де «Парасат», 3-дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталыпты. Тіпті оның есімі кезінде «Алтын құрмет» кітабына енгізілген.
«Еңбегімді бағалап жатқандардың бәріне алғысымды білдіремін. Әлі таңғалып тұрмын. Осыған дейін қарапайым қала тұрғыны болсам, енді Алматы қаласының құрметті азаматымын. Бұл атақ маған алдағы уақытта үлкен жауапкершілік болмақ», – деді Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі Тоқтар Ералиев.
Ал, Тоқтардың бір салада жүрген әріптестері бұл жолғы марапат бұрынғыдан да өзгерек екенін айтады. Әрі тәжірибелі сәулетшінің идеяларына тәнті болмау мүмкін емес дейді.
«Қала күні қарсаңында Тоқтар ағамыздың марапатталғанын естіп, қуанып тұрмын. Шыны керек, ол адам Алматы қаласы үшін көп нәрсе жасады. Шаһарда салынған нысандардың көпшілігінде үлесі бар. Сондықтан оны шын жүрегімнен құттықтаймын», – деді сәулетші Нұрлан Хамитов.
Айта кетейік,«Қаланың құрметті азаматы» грамотасы сондай-ақ, Ләззат Қалтаева мен Нұрғали Нүсіпжановқа және Юрий Аравин мен Темірхан Досмұхамбетовке бұйырды.
«Мұндай атақты иеленгеніме қуаныштымын. Шыны керек, грамота аламын деп мүлде күтпедім. Алдағы уақытта бұл жетістігімді мақтанышпен айтып жүремін», – деді Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері Юрий Аравин.
Еске сала кетейік, «Қаланың құрметті азаматы» атағы қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, дамуына үлесін қосатын беделді азаматтарға беріледі.
Мерей Қанапиянов,«Алматы» телеарнасы