Алматыда баспаналы болған шаһардың 2 миллионыншы тұрғыны Аяла Жамбылдың жанұясы қоныстану қамына кірісіп кеткен. Мұндай қуанышқа тағы 227 көпбалалы отбасы кенеліп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әбілдаевтар шаңырағында бүгін тағы қуаныш. Бұл отбасы қала ортасынан үш бөлмелі, 117 шаршы метр болатын кең пәтердің иесі атанып отыр.
Пәтер кілтін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев арнайы тапсырған еді. Бақыттан бал-бұл жайнаған ана қазір қоныстың қамына кірісіп кеткен.
Әлия «Үйлі болатынымызды естігенде сене алмадық» дейді.
«Тегін берілген үй. Қала әкіміне көп алғысымды айтамын. Әр отбасының арманы – баспаналы болу. Осындай көмек беріп, қол ұшын созғанына рахмет айтамын. Осы қуаныштың бәрі Аяла қызымыздың арқасы. Алла Тағалам осындай бақ берген екен», - дейді Аяла Жамбылдың анасы Әлия Жәнібекова.
Ал бұл – «Алма Сити-5» тұрғын үй кешенінен мемлекеттік бағдарлама арқылы баспаналы болған Қорлан Қадырқұлованың отбасы. Асыраушысынан айырылған жанұя 8 жыл жалдамалы пәтерде тұрып келген.
«Мен бұрын 40 мың теңгеге пәтер жалдап тұратынмын. Енді 20 мыңнан төлеп, екі айдың төлемін бірден төлеп тастауға болады екен. Енді міне, үш бөлмелі пәтерге ие болып отырмыз. Бақыттымыз. Бәріне жұғысты болсын», - дейді көпбалалы ана Қорлан Қадырқұлова.
Қала күнінде жалпы осындай 227 көпбалалы отбасы баспаналы болды. Берілген үйдің бәрі үш бөлмелі. Жаңа Алматыда бой көтерген үйлер маңына жаңадан мектептер мен емханалар салынып, айнала көріктендіріледі. Жыл соңына дейін қалада жалпы көлемі 2,6 млн шаршы метр үйді қолданысқа беру жоспарланған.
«Өткен жылдың наурызында басталған құрылыс аяқталып, қазір халыққа пайдалануға беріліп жатыр. Мұнда 218 мың шаршы метр болатын 3800 пәтер бар. Бұған дейін 350 пәтер берілген. Енді көпбалалы отбасыларға үлестіріліп жатыр», - деді мердігер компанияның бас инженері Шыңғыс Амзаев.
Жалпы, жыл басынан бері 2340 жанұяға үй берілген. «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 1 013 отбасын баспанамен қамту жоспарлануда. Ал «Шаңырақ» республикалық бағдарламасымен 1 310 несиелік заем беріліп, жұмыс істейтін жастарға жалға 1050 берілетін пәтер бөлінді. Бүгінде «Алматы жастары» қалалық жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы аясында 772 несиелік заем мақұлданған.
Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов, Жасұлан Өмірзақов, «Алматы» телеарнасы