Теректі шағынаудан тұрғындарымен кездесу өтеді

02.04.2022 03:15

Қалалық мобильділік басқармасы жаңа жол салу үшін жоба жасауда

Almaty.tv

Алматының іргесіндегі Теректі шағынауданының тұрғындары суды тасып ішіп, көшеде батпақ кешуге мәжбүр. Десе де, «әкімдіктің есігін қағып, табалдырығын тоздырдық» деген көпшілік әлі де үміт үзбейді, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.


100-ге жуық үй қоныстанған шағынаудан 2011 жылы құрылып, 3 жылдан кейін Алатау ауданының құрамына енген. Осы 11 жыл ішінде не су, не жолға жарымадық дейді тұрғындар. Ойқы-шойқы тастақ жол жаңбыр жауса балшыққа, қар ерісе көлге айналады. Жыл сайын мұның бәрін өз ақшасына жөндеуден жалыққан.

«6-7 жыл болды біз қалаға қарамыз. Теректі десең, ел күледі», – деді Теректі шағынауданының тұрғыны Гүлбаһар Османова.

Көпшілік сусыз отыруға төзе алмайды. Көршілес аумақтан ауыз су тасып әлек болған олар ауладан құдық қазып та көрген.

«Ішетін су жоқ, канализация жоқ. Енді сол әркімнің үйінде өз құдығы бар, бірақ оның суы жарамайды ішуге», –  деді Теректі шағынауданының тұрғыны Жұмаш Бақтыоразов.

Тұрғындардың айтуынша, көшенің атауы да жоқ. Бір ғана Алатау ауданының өзінде былтыр 103 көшеге ат қойылған. Ал шағынауданының шырмауы бітпей тұрған мәселелеріне қатысты пікір білдірген әкімдік өкілі алдағы аптада аумаққа арнайы маман баратынын айтты.

«Осы мамыр айының соңына дейін экспертизаның қорытындысы шықса, биыл құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Онымен қоса, тұрғындар жол мәселесін көтеріп жатыр. Жаңа жол салуға қалалық мобильділік басқармасы тарапынан жоба жасалуда. Бірақ жол салу су мен кәріз жүйесуін салып болғаннан кейін ғана басталады», – деді Алатау аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ертіс Бесіров

Сонымен, әкімдік өкілі су мен кәріз жүйесі келер жылы шешімін табады десе, жол жөндеу жұмыстары алдағы 2 жылда реттелетінін айтты. Себебі тас жолдың төселуі тікелей инженерлік құрылыспен байланысты.

Мадина Оқас, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы