Жалпы Алматыда 1000 адамды тұрғын үймен қамту жоспарланып отыр
«Алматы жастары 3.0» бағдарламасы аясында жыл басынан бері 725 отбасы баспаналы болды. Қала әкімдігі тарапынан қолдау тапқан Алматы жастарының 3-кезеңіне өтініш бергендер қазір жолдама алып, құжаттарын рәсімдеу үстінде. Әр кезең сайын үй алушыларға да бағдарлама талаптары жеңілдетіліп отыр дейді құзырлы орган өкілдері. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын тарқатсын.
Сымбат Әлімбетова – мәдениет саласының қызметкері. Бірнеше жыл пәтер жалдап жүрген ол осыған дейін түрлі бағдарламалар арқылы үй алуға өтініш түсірген. Соның ішінде Алматы жастарымен сәті түсіп, ойлаған баспанасына қол жеткізді. Карантинге байланысты қоныс тойын тойламаса да, туған-туыстары онлайн құттықтауларан жаудырып жатыр.
«Бақ шаба ма, бап шаба ма дейді, құжатымды тапсырып осылайша баспаналы болып жатырмын. Осыны ұйымдастырған адамдарға үлкен алғыс. Бағдарлама өте тиімді. Анам бар, бауырларым бар, бәрі қуанып жатыр», – деді қала тұрғыны Сымбат Әлімбетова.
Бүгінге дейін 10 599 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 1858 азаматтың құжаттары талаптарға сәйкес келіп баспана алуға жолдама берілді. Өтініш түсіргендердің ішінде денсаулық пен білім саласының мамандары көп. Алматылық жастар үшін тиімді бағдарлама қатарынан 3 кезең бойына жалғасып келеді. Соңғы кезеңде резервке алынғандар аз емес. Ал жолдамаға қол жеткізгендер белгілі уақытта төлем қабілеттілігін растай алмаса немесе құжаттары сәйкес келмеген жағдайда олардың орнына резервтегі өтініш берушілер құжат тапсыруға мүмкіндік алады.
«Бірінші құжат қабылдау бойынша 3220, екінші қабылдауда 5000, үшінші қабылдауда 2000 өтініш келіп түсті. 1 және 2 құжат қабылдауда 7 сала бойынша 3 құжат қабылдауда 5 сала бойынша өтініштер қабылданды. Себебі денсаулық пен білім саласы көп болғандықтан, біз екі саланы алып тастадық», – деді қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасының бөлім басшысы Ғалымжан Әбдішүкірұлы.
Бүгінде 725 отбасы мемлекеттік бағдарлама аясында баспаналы болды. Жалпы Алматыда 1000 адамды тұрғын үймен қамту жоспарланып отыр.