Әуезов ауданы тұрғындарын қандай мәселелер алаңдатады

13.05.2022 02:52

Қала әкімі кездесуге келгендердің түйткілді мәселесін шешуді жауаптыларға тапсырды

Almaty.tv

Пәтер иелері кооперативі, коммуналдық желілер мен әлеуметтік һәм инженерлік инфрақұрылым. Бүгінг қала әкімінің Әуезов ауданы тұрғындарымен кездесуінде аталған мәселелер көтерілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ауданның әл-ауқатымен таныстырып, кейіннен жиынға келген халықтың сұрағына жауап берген шаһар басшысы қордаланған мәселелерді біртіндеп шешуді тапсырды. Әуезов ауданының инженерлік инфрақұрылымы негізінен 1960-1970 жылдары салынған. Соған сай, бүгін әкімге тұрғындар жеткізген әуелгі мәселе де су, жылу, жарық жүйесінің төңірегінде болды.

«Аталған желілерді елеулі түрде жаңарту керек»  деген Ерболат Досаев аудандағы бірнеше проблемалық учаскелер бойынша тез арада шешім қабылдау керектігін де айрықша ескертіп айтты.

«Шепкина 71-үйде тұрамыз, ыстық су жоқ. Жарты сағаттап күтеміз. Осы мәселені шешіп берсеңіз», – деді аудан тұрғыны

«Бізге сіз айтып отырған тұрғын үйдегі барлық тұрғынның келісімі керек, жаңа жоба жасаймыз. Қала бойынша 160 тұрғын үй таңдалды. Үйлерді жөндеу жұмысына ыстық су мәселесі де кіреді. Әкімге айтайын тұрғындардың келісімі болса,  жасап береміз, ыстық судан мәселе туындамайды», – деді Ерболат Досаев.

Шаһар басшысының аудан халқымен кездесуіне әр сала мамандары мен жауапты орындардың басшысы қатысты. Тұрғындардың сұрауына сай тиісті тапсырма берген әкім  айтылған өтініш белгілі бір мерзім ішінде жүзеге асуы тиіс деп тапсырды.

«Ақсай-2 шағынауданында қарасыт Төле би көшесінен Момышұлы аялдамасы Шығыс бағытқа қарай алақандай көше бар. Оның бойында тротуар жоқ. Тұрғындарға қауіп төніп тұр. Адам өтетін арнайы жолақ салып берулеріңізді өтінеміз», – деді аудан тұрғыны.

Айтылған мәселе бойынша өткен жылы ұсыныс жасалған. Биыл  800 шақырым жол жасалады. Аудан әлеуеті оның мәдени, демалыс кешендерінің жағдайымен де өлшенеді. Мұны ескерген тұрғындар қала әкімінен Әуезовтегі спорттық нысан мен саябақтың санын көбейтуді сұрады.

«Менің сізге ат спорты жайлы сұрақ қояйын деп отырмын.  Қазір төрт жастан бастап балаларға үкімет тегін үйірмелер ашуға көп қаражат бөлді. Алайда сол үйірмелердің отырған орны, құрал-жабдығы өте нашар. Ескі үйде, 6 шаршы метр жерде 8-9 бала сурет салады, 12 шарша метр жерде 8-9 бала би билейді. Тегін үйірмелердің жағдайын жақсартуға көмектессеңіз», – деді аудан тұрғыны.  

Кездесуге келгендердің түйткілді мәселесін шешуді қала әкімі жауаптыларға ерекше тапсырды. Соған сай, енді азаматтарды қабылдау жүргізіледі. Ал шаһар басшысына тікелей сұрақ қойып үлгермеген тұрғындар өз сауалдарын жазбаша түрде тапсырды.

Мадина Оқас, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы