Ең үздік аула: Алматы тұрғындары есік алдына мыңнан астам өсімдік түрін отырғызған

Almaty.tv
Almaty.tv
Қаладағы «Аула аумағын көгалдандыру» байқауының жеңімпаздары белгілі болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Табиғатты сүю - ауланы таза ұстаудан басталады. Алматылық тұрғындар есік алдын баққа айналдырып, мыңнан астам өсімдік түрін отырғызған. Қалада «Аула аумағын көгалдандыру» байқауы өз мәресіне жетіп, жеңімпаздары белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қыркүйекте гүлдейтін күлгін гүл, питуня, шырша… Бұл жерде өсімдіктің сан алуан түрі, сан түрлі атауы бар. Иран-бақтай жайқалған бұл жер биыл «Ең үздік аула» деп танылды. Аула Түрксіб ауданында орналасқан.

Монтажная 15 мекенжайындағы дәл осы ауланың жеңімпаз атануында Яна Чистилинаның еңбегі зор. Маңайды көгалдандыру, гүлге су құйып, күтіп ұстау оның бұрыннан қалыптасқан әдеті. Мұнда мыңнан астам өсімдік болса, соның әрбірі Янаның өз қолымен отырғызылған. Оның сөзінше, «ампель петуниясы» деп аталатын гүл Америкадан алдырылған.

«Гүлдің бұл түрін алған соң оны қыс аяқталмай жатып үйде отырғыза бастадым. Одан басқа, мұнда гортензия мен қалампырдың сирек түрлері, клематистің 50 түрі бар», - дейді қала тұрғыны Яна Чистилина.

Аулада арша ағашының 9 түрі бар екен. Оны күтіп-баптау үлкен ұқыптылықты қажет етеді.  

Өсімдіктен бөлек, ағаш үйшіктер де балалардың сүйікті алаңына айналған. Бәрі қолдан шыққан дүние. Керек-жарақтар, темір бағаналар мен гүл салғыштар өз орнына талғаммен жайғастырылған. Ең үздік мекенді тамашалауға келетін адамдар да жиілепті.

Бұл жерде сондай-ақ, «Альпі таулары» деп аталатын шағын ғана экспозиция да жасалған. Тұрғындар әрбір дүниеге ерекше көңіл бөлгені байқалады. Тіпті, кішкентай ғана тастың өзін әдемі етіп бояп, игілікке жаратып қойған.

«Мұның барлығы балалар үшін махаббатпен жасалған. Біз көршілер болып бос уақытымызда аулаға гүл отырғызып, оларды суаруға асығып тұрамыз. Осы жерде тілдесіп, түрлі мерекені атап өтеміз», - дейді қала тұрғыны Надежда Костромитина.

Жалпы, қалада мұндай ерекше дизайнмен әрленген аулалар жетерлік. Мәселен Айнабұлақ шағын ауданындағы мына маңай белсенді тұрғындардың мұрындық болуымен көріктендірілген.

«Жанымыз қалаған дүниені жасауға тырыстық. Алдымен шағын тоған жасадық. Сосын суқұрқақ қойып, жолды түзедік. Гүлдер де отырғызылды», - дейді тағы бір тұрғын Лариса Гричина.

Қала әкімдігі ұйымдастырған байқауда бас жүлде иегерлері 5 млн теңгені қанжығасына байлады. Сыйақыны алған соң тұрғындар аулаға субұрқақ пен жапон бағын жасауды ойлап отыр. Жалпы экологиялық сайысқа 324 аула тұрғынынан өтінім келіп түскен. Олардың ішінде ерекше 84-і іріктеліпті. Тамыз айының соңында жарияланған байқауға қоғамдық кеңес мүшелері, ландшафтық сәулетшілерден құрылған қазылар төрелік еткен.

«Бүгінде қалада экология мәселесі өзекті. Сол себепті тұрғындардың таза ауамен тыныстауы үшін айналаны жасыл желекке толтыру басты талап. Ол жұмыстар қазір белсенді қолға алынған. Бүгінгі ұйымдастырылған осындай шаралар тұрғындардың шығармашылығын арттырып, қаланы көркейтуге сеп болмақ», - деді Қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Сергей Пономарёв.

Айта кетейік, бүгінде қала аумағында 4 183 аула бар. Өткен жылы 3 мыңға жуық тұрғын үй маңы күрделі жөндеуден өткен. Биыл «Бюджетке қатысу» жобасы аясында 536 ауланы абаттандыру жоспарланып отыр.

Назкен Еркін, Сағынғали Мұңайтпасов, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров