Алматыда өрттің алдын алу шаралары өткізіліп жатыр

21.06.2023 01:24

Мамандардың бүгінгі жұмыс күні Әлмерек ықшамауданынан басталды

Almaty.tv

Қауіпсіздікті қызғыштай қорыған төтеншеліктер Алматы маңында өрттің алдын алу шарасын қарқынды жүргізіп жатыр. Бүгін Түрксіб аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, аудан аумағын өртке қауіпті құрғақ шөптен тазартты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жыл басынан бері қалада 123 рет құрғақ шөп жанған. Өкінішке қарай, көрсеткіш төмен емес. Сәйкесінше, қызыл жалын шарпыған аумақты сөндіру төтенше жағдайға төтеп беретін қызметкерлерге де оңайға соқпайды. Сондықтан олар алдын алу шараларын жиі жүргіземіз дейді. Мәселен, мамандардың бүгінгі жұмыс күні Әлмерек ықшамауданынан басталды.

«Коммуналдық қызметтен 10 қызметкер жіберілді. Олар ауданның әрбір учаскесінде 4 мобильді бригадамен жұмыс істеп жатыр. Бұған дейін өрт қаупі бар 6 учаскенің жұмысын аяқтадық. Қазір Әлмерек ықшамауданында жұмыс жүргізіп болған соң, Нұршашқан ықшамауданына барамыз», – деді Түрксіб ауданы әкімі аппаратының көріктендіру бөлімінің маманы Махамбет Сансызбаев.

Аудандағы «Баум тоғайы» табиғи паркі – өрт қаупі жоғары аумақтың бірі. Сондықтан тоғай арасымен өтетін жүргіншілерге жадынама таратылып, маңайдағы тұрғындарға түсіндірме жұмысы жүргізілді.  

«Түрксіб аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының мамандарымен және аудан әкімдігімен «Баум тоғайы» табиғи паркінде кестеге сәйкес, күнделікті өрттің алдын алу мақсатында іс-шара жүргізіп жатырмыз», – деді Түрксіб ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Бейбіт Рақымжанов.

Тұрғындар өрттің алдын алу шарасы, ең алдымен, тоғайды қоқыстан тазартудан басталсын деп отыр. Себебі қызыл жалын осыдан тұтануы мүмкін дейді.

«Біз бұл жерге жиі келеміз. Айналаның бәрі қоқыс. Мына жерді маскүнемдер паналап алған. Олар шылым шегеді. Осы жерге қалдығын тастаса, қоқыспен бірге біздің тоғайымыз да өртке оранып кетуі мүмкін», – деді қала тұрғыны Назигүл Байгереева.

Табиғи паркті қорғайтын қызметкерлер мұнда тәулік бойы тынымсыз жұмыс істейді. Тоғайдың ішін аралап қауіпті байқаса, бірден жауапты мамандарға хабарласады.

Аталған аудан бойынша 2022 жылы 11 рет құрғақ шөптің жану фактісі тіркелген. Ал 2023 жылдың 6 айында 27 оқиға болған. Енді көрсеткіштің қалай өскенін өзіңіз бағамдай беріңіз.

Гүлмарал Изатқызы, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы