Әуезов ауданында 569 шағын және орта бизнес нысанына тексеру жүргізілген
Санитария мамандары шағын және орта бизнес нысандарына қанша жерден тексеру жүргізсе де, дәмхана иелері сақтық шараларға салғырт қарап келеді. Дәрігерлердің айтуынша, қаладағы қауіпті індеттің өршуіне бірден-бір себеп те осы. Әуезов ауданындағы дәмханаларға тексеріс жүргізген мамандар бүгін тағы да бірнеше нысанның жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Таңнан қызметін алаңсыз бастаған дәмхананы тексеруге барған мамандар бірден қателіктерді байқады. Хлор ерітіндінің құрамы көрсетілмеген, клиенттер бір жерде топтасып отыр, дәмханаға келушілердің дене қызуы мүлде өлшеніп жатқан жоқ. Тепловизор бар, алайда оны сатып алған күйі қораптан шығармапты.
Оқиға орнынан:
– Мынау сізде упакованный түрде тұрмау керек. Мынаны ашып қоясыз. Есік алдына біреуді қойып қоюыңыз керек, соны өлшеп тұратын. Мысалы, дене қызуым 36,2.
Шағын дәмханадағы өрескел қателіктердің бірі – дәретханада судың жоқтығы. Қазір мұнда не суық, не ыстық су ақпай тұр. Санитар мамандар мен дәрігерлер қауіпті аурудан сақтанудың бірден-бір жолы қолды жиі жуу керек деп қанша дабыл қағып жатса да, дәмхана иесінің оны елегісі жоқ.
Дәмхана иесі қаланың бас санитариялық дәрігері бекіткен қаулысынан хабарсыз болып шықты. Ол хаттама толтырғаннан кейін ғана, қаулымен танысып шығамын деп уәде етті. Тексеруші топ жұмысы қайнап жатқан дәмхана қызметін әп-сәтте тоқтатты.
Ал, мына тамақтану орнында адам аяғы аз болса да, тиісті талаптардың сақталмағандығы белгілі болды. Әуелі нысанның иесі жоқ деді, одан кейін жұмысты тек бүгіннен бастадық деген даяшылар тексеруге барғандарды алдай алмады.
Оқиға орнынан:
– Менен неге сұрайсыздар, мен жауап бере алмаймын.
«Қала әкімінің жаңа хаттамасы бойынша, бүкіл қоғамдық тамақтану орындары тек қана ашық алаңда, жазғы алаңдарда тамақтандырады. Халық нысанға кірмейді. Сондай тиым салынуда. Жұмыс уақыты 22:00-ге дейін. Бұрын нысанның ішіне кірге болатын болса, жаңа қаулы бойынша қазір оған кіргізбейді, тек жазғы алаңдарда болады», – деді Әуезов аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Жамал Жүсіпова.
Төтенше жағдай аяқталғаннан бастап, бүгінге дейін Әуезов ауданында 569 шағын және орта бизнес нысанына тексеру жүргізілген. Соның ішінде 113-інің қызметі санитария талаптарын сақтамағаны үшін жабылған.
Ұлағат Арғын, «Алматы» арнасы