Бір ғана Наурызбай ауданында биылғы жылы 312 көше жарықтандырылмақ
Ертеңнен бастап «Шетсіз қала» қағидасы аясында Алматы аудандарын жарықтандыру жұмысы басталады. Бір ғана Наурызбай ауданында биылғы жылы 312 көше жарықтандырылмақ. Осылайша, Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың былтырғы жылы Наурызбай ауданы халқымен кездесуінде көтерілген түйткілдер бірте-бірте шешімін тауып жатыр. Тақырыпты Almaty.tv тілшісі Сая Меңдеке жалғастырады.
Былтырғы жылдың тамыз айында шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев Наурызбай ауданы халқымен кездесу өткізген кезде, тұрғындар көшелерге шығу қауіпті, жарық шамдары орнатылмаған деп базыналарын жеткізген еді.
Тұрғын:
– Айманов көшесінен өте көп оқушылар жүреді. Бұл көшеде өзім тұрамын. Ең танымал көше болып есептеледі. Бірақ шамдар жоқ, кеш батқанда балалар жүре алмайды. Иттер де жүреді, машинамен де жүреді, освещение жоқ. Айманов көшесіне жарық жүргізуге бола ма екен?
Б. Сағынтаев:
– Егер Айманов көшесі биылғы жылға кірсе, осы жылдың аяғына дейін жасалады. Егер кірмеген болса, келесі жылы жасалады.
Осылай деп уәде берген қала әкімі өз сөзінде тұрды. Былтырғы жылы Наурызбай ауданында 3 ықшам аудан бойынша 24 көшеде жарықтандыру жұмыстары аяқталды. Ал биылғы жылдың соңына дейін мұнда тағы 312 көше жарықпен қамтылмақ.
«2020 жылдың аяғына дейін Наурызбай ауданында 312 көшеге жарық толығымен өткізіледі. 6 жарым мың лэд шамдары, 1600 шам бағаналары, 260 шақырым әуе желілері өткізіледі», – деді қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының бөлім басшысы Санжар Алин.
Жалпы Алматыны көше жарығымен қамтамасыз етуге үлесін қосып жүрген компаниялар аз емес. 2018 жылдан бастап магистарльды көшелерге 16 мың дана лэд шамдарын орнатып, биыл 13 көшеде жарық өткізуді жоспарлап отыр.
«Наурызбай, Алатау, Жетісу, Түрксіб аудандары бойынша 44 мың лэд шамдары қойылады. Жалпы саны 56 мың. Қалған 12 мыңы Бостандық, Медеу, Алмалы аудандарына орнатылады. Осы жылдың аяғына дейін деп жоспарлап отырмыз. Қаланың үлкен магистарльдық көшелері, Саин, Достық даңғылы, Б.Момышұлы проспектісі, Шаляпин көшесінде 13 көшеге модернизация жүйесі бойынша көше жарықтары жаңаланады», – деді компания басшысының орынбасары Руслан Нұрмұханбетов.
Осы жылдың аяғына дейін сондай-ақ, Алатау ауданындағы 413 көшеге, Түрксіб ауданындағы 614 көшеге және Жетісу ауданындағы 84 көшеге толығымен жарық өткізілмек.
Сая Меңдеке, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы