Абай даңғылын ұзарту бойынша 172 жылжымайтын мүлік объектісі сатып алынған
Абай даңғылын ұзарту жобасы бойынша 198 нысан мемлекеттің мұқтажы үшін алынады. Бұл туралы қалалық мобилділік басқармасы мәлімдеді. Жалпы қала шекарасын кеңейту мақсатында жер телімдерін мәжбүрлеп иеліктен шығару жөніндегі шаралар кезең-кезеңімен іске асуда. Бас жоспарды орындау барысында қандай істер атқарылды, жобаның уақытылы аяқталуына не кедергі болып тұр? Almaty.tv тілшісі анықтады.
Абай даңғылын қала шекарасына дейін ұзарту жобасы 2016 жылдан бері жүргізіліп келеді. Соған сәйкес, жалпы ұзындығы 4,2 шақырым болатын жол қала аумағын созу жоспарына кіреді. Бүгінде оның 1,2 шақырымы пайдалануға берілген.
«Қазіргі уақытта үй құрылысы сүрілген жер телімдерінде жол жабындысын төсеу, кіші инженерлік құрылыстар мен жолдарды қайта салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биылға жоспарланған үш шақырым жол құрылысының бір шақырымы бойынша негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды», – деді қалалық мобилділік басқармасы бөлімінің бас маманы Қайрат Анарбаев.
Абай даңғылын ұзарту бойынша 172 жылжымайтын мүлік объектісі сатып алынған. Ал қала әкімдігі аталған жобаны іске асыру үшін жалпы саны 198 нысанға арнайы қаулы қабылдаған еді. Мұндағы жиырма алты аумақтың үшеуі бұзу аймағынан алынып тасталса, он бірі сатып алуға дайын. Ал қалған он екі нысанның мәселесі сотта қаралып жатыр.
«Бұл көлік-жол айырығы құрылысы бойынша қарастырылған алты тіректің бесеуінің құрылысы, ол аяқталған соң аралық құрылымдарды орнату жұмыстары жүргізіледі», – деді қалалық мобилділік басқармасы бөлімінің бас маманы Қайрат Анарбаев.
Жоспар бойынша биыл Абай даңғылын ұзарту үшін жер учаскелерін сатып алуға республикалық бюджеттен 4 млрд. теңге бөлінген. Дегенмен бүгінде Абай-Әшімов көшелерінің қиылысындағы көлік-жол айырығы тоқтап тұр.
Абай көшесін ұзарту жобасы жоспар бойынша 2019 жылы желтоқсанда аяқталуы керек еді. Дегенмен мұндағы 23 тұрғын үй баспаналарын сүруге келіспеген. Қазір олардың он бірі жер учаскесі сатты.
Айта кетейік, жоба 2017 жылдың қыркүйегінде басталған болатын.
Мадина Оқас, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы