Бұл алматылық оқушыларды қосымша 8263 орынмен қамтамасыз етпек
Еліміз егемендік алғанға дейін Алматыда қазақ мектептерінің саны саусақпен санарлық болғаны белгілі. Мәселен, 1990 жылы шаһарда тек 7 оқу ордасы ғана ана тілімізде білім берген. Ал соңғы 30 жылда олардың саны 10 есеге артқан. Қазір қалада 8 жаңа білім ошағы салынып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Қаңтар айында салына бастаған Қалқаман-2 шағынауданындағы мектептің құрылысы бүгінде қызу жүріп жатыр. 1800 орындық білім ошағының үшінші қабаты бой көтеруде. Одан соң ғимараттың шатырын жабу және аймақты қоқыстан тазарту жұмыстары басталады.
Мамандардың айтуынша, ғимаратты салуға жоғары сапалы отандық құрылыс материалдары пайдаланылуда. Пандемия кедергі болмаса, құрылысты келесі жылдың шілде айында аяқтаймыз дейді мердігер компания өкілдері.
«Бұл жерде қазір 310 адам жұмыс жасап жатыр. Бүкіл жұмыстар бірге қатарлас жүріп жатыр. Негізгі каркас ғимаратты бір айдың көлемінде бітіреміз. Ішкі әрлеу жұмыстары, қабырғаны қалау, сыртқы жұмыстар қатар жүріп жатыр», – деді мердігер компанияның өкілі Нұрсұлтан Баратов.
Ал Әуезов ауданындағы №117 жалпы білім беретін мектептің жанынан салынып жатқан жаңа ғимараттың құрылысы аяқталуға жақын. Корпус пайдалануға берілсе, білім ошағы 2 есеге үлкейеді. Ал 2 ауысымда оқып жатқан оқушылар бір ауысымға көшуге және қосымша сабақтар мен үйірмелерге қатысуға мүмкіндік алады.
«Жаңа ғимарат, біріншіден, оқушы орны тапшылығын шешеді. Заманауи кабинеттерде балалардың сапалы білім алуы үшін жағдай жасалады. Бастауыш сынып оқушылары негізгі ғимаратта, ал орта және жоғары сыныптар жаңа бөлімде оқитын болады», – деді №117 жалпы білім беретін мектептің директоры Ботагөз Әділбекова.
Жаңа ғимарат 6 бөлімнен тұрады. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары мен білім ошағы айналасын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Мердігерлердің болжамына сүйенсек, корпустың құрылысы бір айдың көлемінде аяқталады.
«Қазіргі таңда ішкі әрлеу жұмыстары жүруде. Инженерлік желілерге қосылу 90 пайызға аяқталды. Сыртқы және абаттандыру жұмыстарының 70 пайызын орындадық. Барлығы заманауи талаптарға сай. Мектептің ішінде лифт орнатылды», – деді мердігер компанияның өкілі Рамиль Келешов.
Қалада 8 мектеппен қатар, 17 жаңа корпустың құрылысы жүріп жатыр. Бұл алматылық оқушыларды қосымша 8263 орынмен қамтамасыз етпек. Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында елімізде 225 мың оқушыға орын жетіспейтінін айтып, бұл түйткілге жіті көңіл бөлуді тапсырған еді.
Сымбат Ноғай, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы