Инвестициялық форум аясында Алматы, Мәскеу, Ташкент, Тблиси, Қазан қалаларының мэрлері мегаполистердің жаңа жағдайда өмір сүру қалпына тоқталды
Инвестициялық форум аясында Алматы, Мәскеу, Ташкент, Тблиси, Қазан қалаларының мэрлері мегаполистердің жаңа жағдайда өмір сүру қалпына тоқталды. Бұл ретте Алматы қаласы өз стратегиялық даму жоспарын әзірлеп қойған. Телекөпірде қала әкімі Бақытжан Сағынтаев шаһардың басты ұстанымдарын таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Біз қазір әлем бойынша 177-ші орында тұрмыз. Былтыр қаланың 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын қабылдап, осы жылға дейін ең үздік дамыған 100 қала қатарына қосыламыз деген міндет қойдық. Қаланың бар ресурсы мен мүмкіндігін пайдаланып бұл мақсатқа қол жеткіземіз деген ойдамын», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Жиынға қатысушылар даму динамикасы жоғары аймақтардың әлемдегі орны маңызды деп атап өтті. Дағдарыстан кейін қалалардың қайта қалыпқа келуіне сандық экономиканың ықпалы өте зор әсер етпек. Онлайн-форматта өткен форумда бірқатар мегаполис басшылары экономиканың осындай жаңа қырларын бірге игеруге ұмтылды. Әсіресе, бизнестің әлеуметтік жауапкершілікті мойнына алғаны, қашықтан жұмыс істеу, пандемияның цифрландыру жүйесін дамытуы жайлы сөз болды.
«Тұрғындары 10 миллионнан асатын мега қалалардың әлемдік экономикадағы үлесі өте үлкен. Ондай қалалар әлем халқының 7 пайызы мен әлем бойынша жалпы ішкі өнімнің 15 пайызын алады. Сондықтан мұндай мегаполистердің орны бөлек. Тағы айта кететіні бәсекеге қабілетті инновациялы қалалар ең бастысы адамдарға жайлы», – деді Дүниежүзілік бәсекелестік қоғам федерациясының директоры Роберто Альварес.