Бұл туралы қала әкімі шаhардағы эпидемиологиялық ахуалға арналған онлайн брифингте мәлімдеді
Алматыға ай сайын 250 мың доза вакцина бөлінбек. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев шаhардағы эпидемиологиялық ахуалға арналған онлайн брифингте мәлімдеді. Мегаполис басшысының сөзінше, ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін, кем дегенде 900 мың алматылық екпе салғызуы тиіс. Қалада карантин талаптары қаншалықты сақталуда? Аурудың алдын алуы үшін қандай шаралар атқарылып жатыр? 2 сағатқа жуық созылған брифингте тағы не айтылды? Almaty.tv тілшісі Өмір Әнуарбек тізбектейді.
«Алматыдағы коронавирусқа қатысты жағдай күрделі» Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың баяндамасы осылай басталды. Ол Covid-19 пандемия деп жарияланғалы бері 35 мыңнан көп Алматы тұрғынының ауруды жұқтырғанын тілге тиек етті. Оның үстіне қазір вирус түрленіп түрлі штамдар да анықталып жатқанын айтты. Салдарынан дертті жұқтырғандар саны күн санап артып келеді. Осыған байланысты көпті толғандырған науқастарға арналған орын мәселесіне тоқталды.
«Бүгінде қалада 3 эшелонға бөлінген 7 мыңнан көп инфекциялық төсек-орын бар, оның 5 мыңы кереует. Олардың жүктемесі 54 пайыз. Қазіргі уақытта инфекциялық ауруханаларда 350 жағдайы ауыр насқас бар. Оның 46-сының жағдай өте ауыр. 6 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Қаладағы жағдай күрделі болғанымен бақылауда ұстап отырмыз дейді Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев. Ауруханалар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, препараттар да жеткілікті.
«Мен қаладағы жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігерлерімен жиі жиналыс жасап тұрамын. Атқарылу керек деген жұмыстарды пысықтаймыз. Нендей мәселе бар екенін ортаға салып, ойластырамыз. Қазіргі уақытта медицина мекемелерінде аппараттар мен дәрілер қоры жеткілікті», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Виртуалды кездесу барысында қала басшысы індеттен құтылудың жалғыз жолы вакцина екенін қадап айтты. Таяуда Алматыда екпе жасайтын 250 орын ашылады. Оның ішінде ірі сауда орындарында да екпе пункттері жұмыс істейтін болады.
«Ауқымды жұмыс атқарылуы керек. Қоғамдық денсаулық басқармасы ашылатын вакциналау пункттерін қажетті медициналық жабдықтармен және мамандармен қамтамасыз ететін болады. Ал қаржылық шығындарды есептеуді Алматы әкімдігінің стратегия және бюджет басқармасы жүзеге асырады. Бұдан бөлек, бизнес қауымдастық тасымалдау, сақтау, үй-жай беру және вакциналау пункттерін ұйымдастыруға тегін қолдау көрсетеді», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Бұл шаралар індеттің жолын кесу мақсатында жасалып жатқаны анық. Одан бөлек қаладағы мониторингтік топтардың қызметі туралы да айтылды. Әкімнің сөзінше, ережені елемейтін кәсіп иелеріне қатысты Атамекен кәсіпкерлер палатасы және бизнес қауымдастық та шара қолдану керек. Ал Ashyq қосымшасына тіркелетін кәсіпкерлер санының шектеулі екеніне қатысты Бақытжан Сағынтаев мынадай пікір білдірді.
«Кеше біз қалалық «Атамекенмен» байланысқан кезде 200 кәсіпкерлерден сұраныс келіп түскен. Яғни, оның бәрін біз жұмысқа қабылдадық. 3 күннің ішінде өзінің талабы бар. Соған байланысты өтсе олардың бәрі Ashyq жұмысына қосыла беретін болады. кедергі қазір жоқ оларға», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Алматыда індеттің ілмегіне ілінгендердің 21 пайызы қоғамдық көлікте ауруды жұқтырып алады. Осыған байланысты қаладағы 32 бағытта қатынайтын автобуста маскалық режимді бақылайтын жүйе орнатылған. Сонымен қатар, Бақытжан Сағынтаев, автобуста әлеуметтік арақашықтықты азайту үшін бірқатар шаралар да атқарылыуда деді.
«Біз қазір автобустардың арасында интервалды азайттық. Әсіресе, таңертең және кешке қоғамдық көліктер жиі жүреді. Аурудың таралмауы үшін көлікте адам аз болуы керек. Бұл шешім де нәтижесін көрсетуде», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Жалпы 2 сағатқа жуық созылған онлайн-брифингте журналистер 20-ға тарта сауал қойды. Олардың дені эпидемиологиялық ахуалға байланысты болғанымен, инфрақұрылымға қатысты сұрақтар да жолданды. Олардың барлығына жауап берген қала әкімі Бақытжан Сағынтаев 2023 жылға дейін қаладағы барлық шағынаудандарды сумен және кәрізбен қамтамасыз ету міндеті тұр. Оған триллион теңгеге жуық қаражат бөлінеді деді.
Өмір Әнуарбек, Павел Скоробогатов, «Алматы» арнасы