Алматының 2040 жылға дейін бекітілген бас жоспарына сәйкес Тілендиев көшесі ұзартылмақ. Осыған орай Алатау ауданындағы жеке сектордағы бірнеше үйдің орнын мемлекет меншігіне алу жұмыстары қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Аудан тұрғындарының алды 70 жылдан бері, кейіннен келгендер 10 жылдан астам уақыт осында тұрады. Жиналғандар үйдің орынына өтемақы беру немесе көпқабатты тұрғын үйден пәтер алуға қатысты пікір білдірді.
– Жол түсетін болса, кем дегенде 200-300 үй кетеді. Әйелім, кіші ұлыммен бірге тұрамын. Кейбіреулер 3-4 отбасы бір шаңырақ астында өмір сүреді, – деді қала тұрғыны Асқар Қасенов.
Алматының бас жоспарына сәйкес, Рысқұлов даңғылынан қала шекарасына дейін Тілендиев көшесі ұзартылады. Ұзындығы - 10 шақырым, 800 метр. Қазір жоспар толығымен бекітілді, сараптаудан өтіп жатыр. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, нақты қанша үйдің бұзылатыны белгісіз. Белгілісі – әр тұрғынның пікірі ескеріледі. Десе де, қарсылық танытқандарды сотқа беріп, жерді мемлекет меншігіне өткізбек. Себебі қаланың инфрақұрылымын дамытуда бұл – маңызды жоба.
– Жобалау жұмыстарын жасағанда адамдармен кездестік. Бірнеше пікірге сәйкес келетін жолды іздедік. Өжет шағынауданының батыс жағына салайық десек, ол жағы жол салу ерекшеліктеріне сәйкес келмейді. Шығыс жағын алсақ, көп үй сүрілуі мүмкін. Сол себепті осындай шешімге келдік. Қала дамуы керек. Бір үй сүрілуге қарсы екен деп қаланы дамытпай отыру орынсыз деп есептейміз, – деді Жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Нұрлан Боранбаев.
Көшені қала сыртына дейін созу жұмыстары нақты қашан басталатыны белгісіз. «Себебі жеке учаскелерді мемлекет меншігіне сатып алу мен жобаның сметалық-құжатын дайындау аз уақытта бітетін шаруа емес» дейді әкімдік өкілдері. Оған дейін мамандар Өжет шағынауданы тұрғындарына заңдастырылмаған жерлер мен тұрғын үйдің құжаттарын реттеуге кеңес береді. Әр тұрғынның қолындағы құжатына сәйкес алдағы уақытта нарықтағы орташа баға бойынша үйін сатып алу жұмыстары жүргізілмек.
Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда төтенше жағдай кезінде жоғарғы қабат тұрғындары қалай әрекет ету керек