|
25.10.2021 | 21:02
3791

Алматыда «Бюджетке қатысу» жобасына дауыс беру жүріп жатыр

Тұрғындардың өз ауласының абаттандырылуына қатысты ұсынған тың идеяларына әр алматылық дауыс беріп, оның жүзеге асуына үлес қоса алады

Алматыда «Бюджетке қатысу» жобасына дауыс беру жүріп жатыр Almaty.tv

Алматыда 21 қазаннан бастап «Бюджетке қатысу» жобаларына дауыс беру жүріп жатыр. Яғни, тұрғындардың өз ауласының абаттандырылуына қатысты ұсынған тың идеяларына әр алматылық дауыс беріп, оның жүзеге асуына үлес қоса алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мәселен, өткен жылы Бостандық ауданының тұрғындары «Бюджетке қатысу» жобасына етене араласып жалпы саны 136 ұсыныс білдірген. Тексеру комиссиясының бақылауынан өткен 24 жобаның 14-і қазіргі таңда халық игілігіне берілді. Ал «Ауламыздың көркеюін 30 жылдай күттік» деген жергілікті тұрғындар да риза.

Тұрғындардың сөзінше, бұрын соңды бұл жерде көк шөптен басқа ештеңе болмаған. “Бюджетке қатысу» жобасының аясында бір жағына балдырғандарға арналған әткеншектер салынса, бір жағына жастарға арналған спорт жабдықтары қойылды. Осылайша, жоба арқылы спорт және балалар алаңы бір аулада тоғысты.

«Бұрын ауламыз қараңғы еді. Содан бәріміз өтінім қалдырып, көршілер бір кісідей атсалыстық. Соның нәтижесінде жарық қойылып, ауламыз да көркейіп қалды», – дейді Бостандық ауданының тұрғыны Елена Митенко.

Бостандық ауданы бойынша бүгінде ескі алаңдар жаңартылып, қараңғы көшелерге жарық шамдары орнатылды. Соның арқасында күндіз балдырғандар ойнайтын, кешке серуен құруға қолайлы аула пайда болды дейді тұрғындар. Ал әкімдіктегілер аталмыш жоба аясында аудан аймағын көркейту жұмыстары жалғаса бермек дейді.

«Одан бөлек, аудан аумағында скейт-парк салынды. Бостандық ауданына қосымша қосылған елдімекендерде сквер салынып жатыр. Сол сияқты көптеген жоба іске асуда», – деді Бостандық ауданы әкімі аппараты комуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Ұлан Құттымбетов.

Әкімдік өкілдерінің сөзінше, халық «Бюджетке қатысу» жобасын енді түсініп, нәтижесін көрген сайын қызығушылығы артып келеді. Соған орай биылғыдан да көп ұсыныс түсуі мүмкін дейді.

Оразай Нұртай, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир