Алматының демографиялық жағдайы мен әлеуметтік-экономикалық әлеуеті қандай

Almaty.tv
Almaty.tv
Наурызбай ауданында туған нәресте Алматының екі миллионыншы тұрғыны болып тіркелді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

ХХІ ғасырда, 2021 жылы, 21 шілдеде Әбілдаевтар отбасында Аяла Жамбыл дүниеге келді. Наурызбай ауданында туған нәресте Алматының екі миллионыншы тұрғыны болып тіркелді. Жалпы қаланың демографиялық жағдайы, әлеуметтік-экономикалық әлеуеті қандай? Толығырақ Almaty.tv  тілшісі тарқатады.

Қаланың 2 миллионыншы тұрғыны Аяла Жамбыл есімді нәресте Наурызбай ауданында орналасқан дәл осы шаңырақта дүниеге келді. Отағасы полиция қызметкері, ал баланың анасы балабақша тәрбиешісі екен. Алтыншы рет ата-ана атанған отбасы үшін сәбилеріне осындай ерекше айдар тағылып жатқаны үлкен қуаныш болып отыр.

Кішкентай Аяла 21 шілдеде қалалық перзентханалардың бірінде 4 келі 200 грамм болып дүние есігін ашыпты. Анасы Әлия «балаларды бөліп-жармаймын, бірақ бұл сәбиімнің орны бір төбе екенін туған кезде ерекше сезіндім» дейді.

«21 күні туды да, өзім бір таңқалдым.  21 ғасыр, 21 жыл деп ойладым. Қандай жақсы жылда туылған бәрі 21 деп сондай – іштей бір ерекше қыз болатын сияқты болды. Қуанышты болдық, өз-өзімізге сенбей, ол не деп... күтпеген жағдай болды», – деді Аяла Жамбылдың анасы Әлия Жәнібекова.

Жанұя нәрестенің 2 миллионыншы тұрғын болып тіркелгенін екі күн бұрын біліпті. Ақжолтай ақпарды естіген отбасының қуанышында шек жоқ. Ел назары ерекше түскен жанұяны қала әкімі Бақытжан Сағынтаев арнайы құттықтады.

«Негізі басында білген жоқпыз. Әкімшіліктен сөйтіп звондап айтқаннан кейін өте қуандық», – деді Аяла Жамбылдың әкесі Бейбіт Әбілдаев.

«Үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлайтын ұлдар өсіріп шығардым. Енді маған құдай Алла тағала қыз бермейді екен, міне немерелі болып, алтыншы қызды болып, бір үйде Бейбіттің қызы... Бізге Аяла осындай қуаныш алып келді. Құтты бала болып тұр», – деді Аяла Жамбылдың әжесі Ырысты Сатылғанова.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылмен салыстырғанда алматылықтар саны жарты жылда 1,22 пайызға өскен.

«Соңғы динамикаға қарасақ, соңғы жылдары 52 мың, мысалы, былтыр 60 мың, алдыңғы жылы 62 мыңға адам саны көбейді. Яғни, бес жылда 50-60 мыңдай адам қосылатын болса есептей беріңіз, 300-350 мыңға адам саны көбеюі мүмкін», – деді Статистика бюросының қала бойынша департаментінің басшысы Айдар Әбілдабеков.

Халық санының артып жатқаны қаланың жайлы мекенге айналып отырғанын айғақтайды. Демограф Жомарт Симтиков «Шетсіз қала» қағидасымен жүргізілген мемлекеттік саясаттың сәтті жүзеге асып отырғанын да тілге тиек етті.

«Санының өсуімен қатар сапаның өсуіне әкелетіні белгілі. Сол себепті Алматы қаласы Тәуелсіздіктің алтын бесігі ретінде, мәдени орталығы ретінде дамып, қала халқының бүгінгі таңда 2 миллионға жетуі шындығында тәуелсіздікке, 30 жылдыққа тартылған тарту ретінде қабылдаған жөн деп ойлаймын», – деді демограф Жомарт Симтиков.


БЛИЦ:

«Қазір күннен күнге көркеюде. Әртүрлі саябақ, жолдар жөнделіп жатыр. Әдемі ғимараттар салынып жатыр. Осы қалада тұрған маған ұнайды», – деді қала тұрғыны Мақпал Нұрмұхамбет.

«Это просто фантастический город. Где вы можете насладиться природой, прекрасными местами», – деді қала тұрғыны Арина Кушниренко.

Қала билігі мегаполистің барлық аумағына бірдей көңіл бөлуде. Әсіресе, шеткі аудандарды дамыту «Жаңа Алматы» кешенді жоспары бойынша жүргізіліпа отыр. Мамандар зерттеу жүргізгенде қаладағы туу көрсеткіші мен инфрақұрылымды жетілдіру деңгейін өзара салыстырып, екшеп отырады.

«Мысалы, маятников миграциясы 2 пайыз болады, табиғи өсім 1 пайыз болады. Қазір екеуін қосқанда бізде орташа 2,8 болып тұр. Жыл сайын халық өсе береді. Сол себепті сол формулалармен бүкіл нәрселер саналады. Қай жерде жол салу керек, қай жерде үйлер салу керек, мектеп қанша керек деген сияқты», – деді қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов.

Мәселен, құрылыс саласында былтыр 2 млн 100 мыңдай шаршы метр тұрғын үй салынса, биыл оның көлемі артып, 2 млн 600 мың шаршы метр үйді қолданысқа беру жоспарланған. Әсіресе, тұрғын-үй құрылысы қалалықтардың сұранысына, өсім деңгейіне қарай жүргізіледі.  

Назкен Еркін, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы

Новости партнеров