Индустриялық аймақта құрылыс материалдарын өндіретін бірнеше кәсіпорынның өніміне сұраныс көп. Қаладағы құрылыс жұмыстары санитарлық талаптарды сақтай отырып, бір сәтке де тоқтаған емес. Қала әкімдігі тарапынан былтыр инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін бөлінген жер телімдері қаншалықты тиімді игерілді? Келер жылға жоспар қандай? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын баяндайды.
Айдын Тоққожаұлы құрылыс материалдарын өндірумен 2008 жылдан бері айналысып келеді. Кәсібін кеңейту мақсатында қала әкімдігінен жер сұрапты. Сұранысы бірден әкімдік тарапынан қолдау тауып, қала шетіндегі мына 1 гектар жерді тиімді бағада жалға алған. Айдын қазір алматылық 20 қызметкерді тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Онымен қоса, салынып жатқан сәулетті құрылысқа отандық өнім ұсынып келеді.
«Біз шығарып жатқан өнімдер поребрик дейді, бордюрлар дейді. Қайта жаңғырту жұмыстары болып жатыр. Солардың бәрі біз шығарып жатқан гранит тас арқылы төселеді. Сұраныс өте көп. Қазір біз плиткалар кесіп жатырмыз. Қазір құрылыс алаңдары осы гранитпен іргетасын қалап жатыр. Сондықтан ол өте керек», – деді жеке кәсіпкер Айдын Салтақ.
Ал, бұл энергия тиімділігі жоғары сәулеттік қасбеттер зауыты. Кәсіпорын жоғары сапалы энергия үнемдейтін ПВХ және алюминий профильдік құрылымдарды шығарады. Қуаты – жылына 475 мың шаршы метр. Жобаның құны – 3 миллиард 800 миллион теңге. 275 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
«Кәсіпорын қуаттылығы тәулігіне 250 ПВХ бұйым, ал алюминийді алатын болсақ, 300 бұйым шығаруға қауқарымыз бар. Алдағы уақытта өндірілген тауарымызды шет елдерге Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейге тасымалдауды жоспарлап отырмыз», – деді зауыт басшысы Сергей Хрущев.
Бүгінгі таңда инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін 273 гектар жер бөлінген. Қазір оның тек 59 гектары ғана бос тұр. Индустриалды аймақта 60 кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Оның 18-і шет елдік компаниялардың қатысуымен жүргізіліп жатқан халықаралық инвест жоба.
«Биыл 9 инвестциялық жобаны іске қостық. Барлығының жалпы құны 30 млдр-қа жуықтайды. Нәтижесінде осы жобалар арқылы 1100 адамды жұмыспен қамтыдық. Ал келер жылы бұл көрсеткішті 4 есеге дейін көбейткіміз келеді. Яғни, 36 инвест жобаны іске қосып, 5 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бұған қауқарымыз жетеді», – деді «Алматы-индустриалды аймағы» ЖШС бөлім жетекшісі Тимофей Мунарев.
Қаланы индустрияландыру үшін жоғары технологиялық өндірістер құру қажет. Бұл – қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы. Бұл ретте заманауи зауыттарда сапалы жұмыс орындары құрылып жатыр. Ал, технологиялық жабдықтарда жұмыс істей алатын жоғары білікті мамандар қашанда сұранысқа ие.
Ұлағат Арғын, Рашид Шүкіралиев, «Алматы» арнасы