Дауыс беру арқылы үздіктері іріктеледі
Алматының Түрксіб ауданында 2019 жылдан бері «Халықтың бюджетке қатысуы» арқылы 59 жоба мақұлданып, соның 31-і пайдалануға берілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қалған 28 жоба бойынша құрылыс жақында басталыпты. Алайда мамандар балаларға арналған ойын және спорт алаңдары көбейген сайын вандализмдік іс-әркеттердің саны өскенін айтады.
Бағдарлама аясында Кондратович көшесі айтарлықтай өзгерген. Бұрын бос жатқан аумақта қазір көріктендіру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Алдағы 2 күнде өзен арнасы толық тазаланып, жерге жасыл желек төселеді. Сондай-ақ ойын және спорт алаңдары толығымен қыркүйек айына дейін пайдалануға беріледі.
«Бұрын бұл жер нашақорлар мен маскүнемдердің ордасы болатын. Қазір бәрі біртіндеп түзеліп келеді. Бәрінен бұрын балаларымыз қуанатын болды. Ойын алаңдарын салып беріп жатқан жоба авторы мен әкімдік өкілдеріне алғысымды білдіремін», – деді қала тұрғыны Оксана Жевницкая
Сондай-ақ, тұрғындардың көпшілігі мүмкіндігінше әр алаңқайдың жанында күзет болса екен дейді. Себебі ауданда вандализмдік іс-әркет жиілеп кеткен.
«Оған қатысты біз аудандық полиция басқармасымен әрекетке көшіп, мониторинг жүгізілетін болады. Өкімет пен әкімшілік тарапынан жасалған ойын және спорт алаңдарын дұрыс пайдалануларыңызды сұраймыз», – деді Түрксіб аудандық көріктендіру бөлімінің басшысы Сәкен Баясыл. .
Мамандар Түрксіб ауданында бағдарлама қатысушылары 2019 жылмен салыстырғанда ерекше өскенін айтады. 2020 жылы 5 ойын алаңы ашылса, 2021-де 26 жоба пайдалануға беріліпті.
«Бізде ойнайтын саябақтан басқа ештеңе жоқ болатын. Қазір осы спорт алаңының арқасында балаларға да, үлкендерге де уақыт өткізіп, серуендеуге өте ыңғайлы», – деді қала тұрғыны Нұргүл Сұлтанқызы.
Айта кетейік, биылдың өзінде аудан тұрғындары тарапынан 164 жоба ұсынылған. Дауыс беру арқылы үздіктері іріктеліп, ал жалпы құрылыс келесі жылы басталмақ.
Мерей Қанапиянов, Ернат Болатхан, Мейрам Исабеков «Алматы» телеарнасы