Бостандық ауданында биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» аясында 400-ден астам жұмыс орны ашылып, 9 жоба жүзеге асқан. Ауданда аулалар жаңарып, саябақтар қайта абаттандырылған. Сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп жатыр. Бұған дейін бірнеше ауданды аралаған қала әкімі Бақытжан Сағынтаев бүгін Бостандық ауданында жасалған жұмыстармен танысты. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін айтсын.
Айжан Абдубаитова Қожа Ахмет Яссауидің қабіріне жабылған кілемді қайта жаңғыртуды 2012 жылы қолға алған. Зерттеп, құрастыра келе кілемнің 6,5-те 4,5 метр екені анықталыпты. Суретші әрі қолөнер шебері жабындының ою-өрнегін түпнұсқадағы қалпына келтіріп, қайта тігіп жатыр. Машақаты көп жұмысты толық аяқтау үшін қаржылай қолдау керек дейді ол. Әйтсе де қазақтың қолөнерін өндіріс саласына бейімдеп жүрген кәсіпкер мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек аз емес дейді.
«Кәсіпорнымызға мекеме, ғимарат керек болды. Ғимаратты алу үшін біз қаржылай көмек сұрадық. Бізге «Даму» қорынан «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша бізге қаржы бөлінді», – деді суретші, жеке кәсіпкер Айжан Абдубаитова.
Мынадай зерді инеден өткізіп матаға зерлеу үшін кем дегенде алты айдай уақыт кетеді. Бір шапанды толық бітіруге осылай көздің майын тамызып еңбек етуге тура келеді. Ұлттық мұраның дамуына өз үлесін қосып жүрген кәсіпкер қазір 50 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Тігіншілер карантин кезінде де тынымсыз еңбек етіп, медициналық қорғаныш киімдерін тігумен айналысқан.
Ал Любовь Петровна Бостандық ауданындағы «Көктем-1» ықшам ауданында 30 жылдан бері тұрады. Аулада салынған баскетбол алаңы қарт ананың жастық шағын бір еске түсірген. Кезінде баскетболмен кәсіби түрде айналысқан әжей иығын зақымдап алғаннан кейін спорттан қол үзіп қалыпты.
«Мұнда неше түрлі келімсектер жүретін бұрын. Олар ішімдік ішіп айналаны ластайтын. Ал қазір міне әп-әдемі алаң салынды. Қандай керемет! Балалармен бірге біз де балаша ойнап қуанып жатырмыз», – деді Бостандық ауданының тұрғыны Любовь Кекух.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» аясында абаттандырылған ауланы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев арнайы барып көрді. Мұнда резеңке жабынды, спорт тренажерлары, воркаут кешені, теннис үстелі, сырғанақ, әткеншек – керектінің бәрі қойылған.
БЛИЦ:
- Мына жерден өткенде қорқатынбыз қап-қараңғы болатын. Қазір демаламыз шығып, балалар, немерелерімізді шығарып ойнатамыз.
- Мына онлайн кезінде бір мезгіл балаларға жүгіріп, ойнап тамаша болды. Біз өзіміз де осында отырып балаларымызды, немерелерімізді ойнатып жүреміз.
- Бұл жер көп ұнайды. Көп балалар бар. Әткеншекте бәрі ұнайды маған.
Сонымен қатар, биыл Жароков көшесінің бойындағы №126 тұрғын үйдің ауласына күрделі жөндеу жүргізілген. Енді ересектер жаттығу жасап шынығатын болса, балалар алаңсыз асыр салып ойнайтын жер бар.
БЛИЦ:
- Өте ризамыз. Немерелерімізді таңертеңнен кешке шейін осында бағамыз. Өзіміз зейнеткерміз.
- Ескі сынық орындықтар тұрған, әткеншек бәрі ескі болатын. Енді қазір ауламызды көркемдеп бәрін әдемілеп бергендеріне үлкен рахмет.
Бұдан бөлек тағы бір әлеуметтік нысан ел игілігіне берілді. Мұстафа Өзтүрік көшесінде жаңадан саябақ салынды. Сол жердегі тұрғын үйлердің іргесіне белгілі спортшы Мұстафа Өзтүріктің суреті бар мурал бейнеленді. Теннис және балалар алаңы қолданысқа беріліп, аймаққа шыршалар отырғызылған.
«Біздің қазақ халқымыздың ерекше тұлғасы болған, қазақ халқын көкке, әлемге көрсеткен кісі болған. Сондықтан мына жер осы кісінің атындағы көше болғандықтан, мына саябақты да сол кісінің атына арнағандықтан, біз осы муралды салуды шештік. Соған өз үлесімді қосқаныма қуанамын», – деді суретші Айгерім Сабаншиева.
Қала әкімі Ғабдуллин көшесінде жүріп жатқан көріктендіру жұмыстарымен де танысты. Мұнда 16 мың шаршы метрден астам жер көгалдандырылған.
«Біріншіден, тас плиталар төселді. Бұл эстетикалық тұрғыдан әдемі. Одан кейін балалар және спорт алаңдары керемет жасалған. Түнде де айнала жарқырап тұрады. Осының бірі тыңғылықты еңбектің жемісі. Айтар алғысымыз шексіз!» – деді Бостандық ауданының тұрғыны Марина Бисенбаева.
Сондай-ақ, биыл Абай даңғылы мен Байзақов көшесінің қиылысындағы бұрынғы Қазақ мемлекеттік заң академиясының аумағы да қайта қалыпқа келтірілген. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында аумақты жаңғыртуға 40-тан астам жұмысшы тартылған. Тозығы жетіп, шашылып жататын кафельдердің орны гранит тастармен алмастырылды. Жарық бағандары қойылып, аумақ көз қызығарлық кейіпке енген.
Назкен Еркін, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы