Алматыда биыл 31 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Олардың басым көпшілігі – жастар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Меруерт Әбілқасымқызы – мемлекеттің шарапатын көріп отырған жан. Жас кәсіпкер бастауыш сынып оқушыларына арналған жекеменшік мектеп ашқан. Ісін бастау үшін жеңілдетілген несие алыпты. Оның айтуынша, пайызы аз, үстемесі төмен бағдарлама жұмыссыз жастар үшін аса тиімді.
– 5 млн теңгенің үстіне 400 мың теңге қосып қана қайтаруға болады. Екінші деңгейлі банктерге қарағанда пайызы азырақ және жастардың кәсіп бастауына ыңғайлы. Сонымен қатар бұл жерде 18 айға дейін демалыс уақытын береді. Яғни, бұл уақыт аралығында кәсібімізді жолға қойып, бір сарынды ете аламыз деген ойдамын, – деді кәсіпкер Меруерт Калкуова.
Меруерт секілді кәсібін бастағысы келген 200 адам биыл орталыққа келіп өтініш білдірген. Оның 111-і мемлекеттің мақұлдауын алып, жұмысын бастады. Сондай-ақ жас мамандарды жұмыспен қамту үшін елімізде 3 бағдарлама бар. Бірі – жастар практикасы, 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жалақы беріледі. Екіншісі, 29 жасқа дейінгі азаматтарға арналған алғашқы жұмыс орны. Айлық - 30 айлық есептік көрсеткіш. Соңғысы «Ұрпақтар» келісімшарты. Зейнетке шығуына 6 ай қалған білікті маман өзінің орынына жас маманды дайындайды. Білгенімен бөліседі, жұмысының қыр-сырын көрсетеді. Жас маман жұмысқа тұрады.
– Қоғамдық жұмыс дегеніміз – әлеуметтік пайдалы жұмыс. Бұған 15-16 жастан асқан мектеп оқушыларынан бастап зейнеткерлік жасқа дейінгілер қатыса алады. Мұның ең пайдалысы - ешқандай білімді талап етпейді. Арнайы жұмысқа ұсыныс көп. 16 мыңдай уақытша жұмыс істеп жүргендердің арасында 10 мыңнан астам адам қоғамдық жұмыста белсенді, – деді Еңбек мобилділігі орталығы мониторинг бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлзинат Мейірбекова.
Сондай-ақ өткен жылдан бастап «Күміс жас» жобасы қолданысқа енді. Мемлекеттік бағдарлама тұрақты жұмысы жоқ, зейнет жасына жақындаған азаматтарға арналған. 60-жасқа таяған қазақстандықтардың жұмысқа орналасуы аса қиын екенін ескере отырып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы жоба әзірлеген. Бағдарлама аясында Алматыда 369 адам еңбек етіп, нәпақасын тауып жүр.
– Бізге келіп жұмыссыз ретінде тіркелген арасында 2800 жұмыс істеуге қабілеті бар, мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Олардың 1500-і жұмыспен қамтылды. 800 адам уақытша, ал 500 адам әлеуметтік жұмыс істеп жүр, – деді Гүлзинат Мейірбекова.
Жұмысқа тұруға ниетті кез келген адам түйіндемесін enbek.kz электронды порталына енгізсе болады. Қаладағы түрлі жекеменшік ұйымдар мен мемлекеттік мекемедегі бос жұмыс орындар туралы мәлімет те осы сайттан табылады.
Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Досаев Алматыдағы кептеліс мәселесі қалай шешілетінін айтты