Досаев Алматыдағы кептеліс мәселесі қалай шешілетінін айтты

Almaty.tv
Almaty.tv
Қала басшысына 49 журналист сауалын қойып үлгерді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда дизельмен жүретін автобустарды сатып алуға тыйым салынбақ. Мегаполис басшысы Ерболат Досаев жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын жеке компанияларға осындай талап қойып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматының экологиясы – қаланың басты мәселелерінің бірі. Шаһар басшысының айтуынша, зиянды қалдықтар көліктерден шығады. Сондықтан жылдам рельсті қоғамдық көлікті іске қосу аса маңызды. 2024 жылы Райымбек даңғылының бойымен Ахрименко көшесінен Пушкин көшесіне дейін ұзындығы 9 шақырым, ал 2025 жылы Ахрименко көшесінен Абай даңғылы арасында  8 шақырым BRT салынады екен. Ал ЖЭО-2 келесі жылы толығымен газға ауыстырылады.

– ЖЭО-2 модернизация жүріп жатыр. Келесі жылы ол толығымен көгілдір отынға ауыстырылады. Сәйкесінше ауаға бөлінетін зиянды заттар азаяды. Монша, асхана сынды жеке секторларды газға ауыстыру бойынша жұмыс істеп жатырмыз, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Қала әкімі Алматыда метромен қатынайтын жолаушылар саны да артқанын айтты. Оған биыл 3 қосымша жылжымалы құрамның іске қосылуы да септігін тигізген. Метролардың жүру интервалы біршама азайған.

– Қозғалыс интервалы 5 минут 38 секундқа дейін азайды. Нәтижесінде метродағы жолаушылар легі 100 мың адамға көбейді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша қоғамдық көліктегі жолаушылар легі тәулігіне 1,5 млн адамға артты. Өткен жылы 1,2 млн адам болған, – деді қала әкімі.

Алматыда таңғы және кешкі уақытта сіресіп қалатын кептеліс мәселесін шешу үшін бірнеше жолайрық пен көше кеңейтіледі.

– 2024 жылы Құлжа трактісі 6 жолаққа дейін кеңейтіледі. Саин көшесі мен Абай даңғылын қала шекарасына дейін ұлғайту, сондай-ақ Сейфуллин, Мөңке би, Жансүгіров жолайрықтарының құрылысы аяқталады, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Ерболат Досаев келесі жылы қалада жайма базарлар түгел жойылатынын жеткізді. Қазір қала билігі саудагерлерге арнайы орын дайындап жатыр. Әділет департаментіне тіркелу жұмыстары аяқталған соң, кәсіпкерлер белгілі орынға жайғасып, базарлардың алды тазарады деп сендірді.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың брифингі 2 сағатқа созылды. Қала басшысына 49 журналист сауалын қойып үлгерді. Брифинг барысында Ерболат Досаев келесі жылы "Алматы" телеарнасының 25 жылдығына орай сұхбат беріп, дәстүрді жалғастыратынын жеткізді.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астана

Новости партнеров