Алматыда жасыл көшеттерге электронды сынақ жүргізу жүйесі енгізіледі. Ағаштар түгенделіп, бір платформада паспортталады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мұндай жағымды жаңалықпен қала әкімі Бақытжан Сағынтаев арнамыздың тікелей эфирінде өткен «Алматы – Smart city» жобасының онлайн таныстырылымында мәлімдеді. Демек, биыл ағаштарды егуге және кесуге рұқсат алу процесі автоматтандырылады. Осылай деген шаһар басшысы экономиканы жаңа деңгейге көтеру үшін инновация мен цифрландыруға баса мән беру қажеттігін алға тартты.
Жасыл көшеттерге сандық реестр енгізу әдісі ашық жүргізілмек.
«Жасыл көшеттерге сандық реестр енгізу көптеген мәселенің түйінін тарқатуға көмектеседі. Бұл алматылықтарды алаңдататын өзекті түйткіл. Барлық ағашты паспорттау қажет. Миллион түп ағаш егеміз десек, бұл аса қажетті бастама. Кез-келген азамат ағаш кесуге қатысты мәселесімен бізге хабарласа алады», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Бұл ретте биыл ағаштарды егуге және кесуге рұқсат алу процесі автоматтандырылады. Сондай-ақ, аталмыш тетік жасыл желек егетін учаскелерге мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.