Алматының аудан әкімдері халықпен көшпелі кездесулер өткізе бастады

31.03.2022 в 01:34

Наурызбай ауданының әкімі тұрғындармен төртінші рет жүздесіп, толғандырған мәселелерді бұқарамен бірлесіп шешуге кіріскен

Алматының аудан әкімдері халықпен көшпелі кездесулер өткізуді жаңа форматта бастады. Мәселен бүгін Наурызбай ауданының әкімі тұрғындармен төртінші рет жүздесіп, толғандырған мәселелерді бұқарамен бірлесіп шешуге кіріскен. Кездесу барысында ауданның 5 шағынауданы биыл тамызда Қарғалы су бекетінің қосылуы есебінен ауыз сумен толық қамтылатыны белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Туындаған түйткілдің тоқетерін бірден айтамын деп сөзін бастаған Наурызбай ауданының әкімі халықпен кездесуінің алғашқы минуттарын атқарылған жұмыстарға арнады. Не істелді, алдағы жоспар қандай? Осы төңірегінде тұрғындарды қысқаша ақпараттандырды. Оның айтуынша, соңғы үш жылда 6 мектеп салынып, соның үшеуі биыл қолданысқа берілмек. Жаңа жедел жәрдем бекеті бой көтерді. Ауданда құрылыс та қарқын алып, былтыр 600 мың шаршы метр үй тұрғызылыпты.

«Қаладағы Абай көшесінің төмен жағында 15 гектар жекеменшік жер болған. Үлкен зәулім үйлер салынатын. Енді халық жеке тұрғын үйлердің ортасынан көпқабатт үйлер салынбасын деген өтініш айтып отыр. Оның үстіне Президент те нүктелі құрылысты азайту керек деп тапсырма берді. Сондықтан сол жерге жаңа емхана, аурухана, мектеп, балабақша саламыз. Жаңа үлкен саябақ та салынады», - деді Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғай.

Әрі қарай көшпелі кездесу сұрақ-жауап форматында өрбіді. Халық толғандырған сауалдарын әкімге тікелей қойып, оңтайлы жауап алуға тырысты.

Бұқара жол, жарық, заңсыз жер иелену, су мен кәріз жүйесіне қатысты мәселелерді көтерді. Мәселен аудан тұрғыны Сұлтанбек Есенәлиевтің жекеменшік су ұңғымасына 200-ден астам үй қосылған. Судың сарқылуына байланысты кәсіпкер енді жергілікті халықты орталық су жүйесіне қосуды өтініп келіпті.

«Жазда тұрғындар сусыз отырады. Судың көлемі жетпейді. Енді қазір әкімдік өкілдеріне, «АлматыСуға» өтініш жасап, бізді орталық желіге қоссын деп отырмыз. Олар бізді жақын уақытта қосамыз, су мәселесін шешіп береміз деп отыр», - деді Наурызбай ауданының тұрғыны Сұлтанбек Есенәлиев.

Ақжарда су мәселесі бұрыннан өзекті. Оны толық шешу үшін қазір «Ақсай» су тарту және тазарту бекеті салынып жатыр. Оны қолданысқа 2 жылдан кейін енгізбек. Ал биыл жазда «Қарғалы» су стансасы іске қосылып, 50 мың тұрғын, яғни 5 шағын аудан үздіксіз ауыз суға қол жеткізеді.

«Ақжардың мәселесін әкімге айттық. Жан-жақты қарастыратын болды. Біз өз тарапымыздан «АлматыСуға» ұжымдық өтініш жазатын болып шештік», - деді Наурызбай ауданының тұрғыны Гүлзада Раисова.

Еске салсақ, биыл Мемлекет басшысы әкімдердің халықпен кездесулер өткізу туралы жарлығына қол қойып, онда әкімдерді мәселені барып, көріп шешуге, оған мәслихат депутаттарын, партиялар мен қоғамдық ұйымдарды тартуға міндеттеген еді. 

«Шешімі бар мәселелерді қарастырып жатыр. Өте орынды. Кабинетте қабылдағанша, осылай тұрғындарға келіп мәселелерді шешкен өте тиімді», - деді қалалық мәслихат депутаты Ермахан Ибраимов.

Жалпы Наурызбай ауданы әкімі бұған дейін халықпен үш рет көшпелі кездесу өткізген. Бүгінгі шара нәтижесінде 80-нен астам мәселе көтеріліп, соның 30-ға жуығы оң шешімін тапты. Айта кетейік, мұндай кездесулер енді ай сайын 3-4 рет өтеді. Әкімнің халықпен кездесу кестесін аудандардың ресми сайттарынан білуге болады.

Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы