Әуезов ауданында 191 аула жөнделеді

14.05.2022 01:37

Әуезов аудан тұрғындарының өтініші бойынша жарық мәселесі шешілді

Almaty.tv

Әуезов ауданында тұратын 150-ден аса отбасы электр көзін жекеменшік үйдің аумағына өтіп кеткен трансформатордан алуға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бау-бақша серіктестігінің тұрғындары техникалық ақау туа қалса, біреудің қорасында тұрған апаратты жөндей алмай қиналамыз дейді. Мәселе кеше Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Әуезов ауданы тұрғындарымен кездесуінде көтерілген еді.

«Біз мына «Восход», «Садовод» деген бау-бақша серіктестігінің адамдарымыз. Сол жерде 150-ден астам үй бар. Бізде соңғы 5-6 жылдан бергі жарық мәселесі бар. ТП-161 жеке меншік үйдің бағында тұр, өкіметке өткізіп берсеңіз», – деді Әуезов ауданының тұрғыны Есенкелді Есназаров.

Ерболат Досаевтың халықпен кездесуінде осылай деп арыз-шағымын айтқан тұрғынмен бүгін аудан әкімі Сайран Сайфеденов арнайы кездесіп, жағдайдың мән-жайына қанықты. Тұрғындар жарық сөніп қалған кездері ақаудың себебін анықтай алмай азар да безер боламыз дейді. Өйткені электр тарататын құрылғы, кезінде жер сатылғанда мына үйдің учаскесіне өтіп кетіпті. Ал оның қожайыны бірде үйде болмайды, бірде кіруге рұқсат бермейді екен. Жалпы трансформаторға 150-ден астам үй қосылған. Мәселеге мүдделі тараптар ақылдаса келе аппаратты осы маңдағы 9 шаршы метр жерге ауыстыратын болды.

«Өте қуаныштымыз. Бұл жерде тұратын 158 үйдің бәрі қуанышпен қарсы алып жатыр. Әкімшілікке, өзіміздің аудан, қала әкіміне рахмет айтамыз. Енді тезірек бітіріп берсе болды. 10-20 жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселе еді», – деді Әуезов ауданының тұрғыны Есенкелді Есназаров.

Трансформатор орнатылатын 9 шаршы метр жер бірден Алматыжарық компаниясының балансына алынады.

«Бірінші жұмыстары жасалады. Содан кейін барып ауыстырылатын болады. РЭС-тің өкілдері алты-жеті сағатқа жарықты өшіреді. Орнына қойғаннан кейін тез уақытта қосып беретін болады, – деді Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов.

Бұдан бөлек әкімнің есептік кездесуінде халық тозған ойын алаңдарын айтып, аулаларды реттеуді сұраған.

Биыл Әуезов ауданында 191 аула жөнделеді. Сөйтіп ауданда ескірген аула қалмайды. Яғни есік алдындағы алаңқайлар толық жаңарады. Мәселен Жетісу-4 шағынауданындағы мына аула 30 жылдан бері жөндеу көрмепті. Барлығы ескірген. Енді балалар, спорт, футбол алаңы салынбақ.

Алаңдардың қандай болатынын және қалай орналасатынын аудан әкімі Сайран Сайфеденов халыққа түсіндіріп берді.

«Шулап мына жерге шыққан кезде ойнайтын жер жоқ. Баскетбол, футбол алаңын жасап берсе деп едік. Жобасын көрдік, өте қатты риза болып тұрмыз», – деді Әуезов ауданының тұрғыны Төлеген Еңсебаева.

Қазір мердігерлерді анықтау жұмыстары аяқталып қалған екен. Құрылыс маусымда басталады. Жалпы Әуезов ауданында 966 аула бар. Жоғарыда айтылған 191 ауланы биыл қыркүйекте түгелдей ел игілігіне беру жоспарланыпты.

Назкен Еркін, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы