Сондай-ақ белсенді зейнеткерлер арасында спорттық жарыстар ұйымдастырылды
Алматының әр ауданында Халықаралық қарттар күніне орай түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылып, аға буын өкілдеріне құрмет көрсетілді. Әкімдік қызметкерлері ғасыр жасаған қарттарды үйіне барып құттықтады. Ал белсенді зейнеткерлер мерекені спорттық жарыстар ұйымдастырып атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл Алматының ұзақ жасаған тұрғындарының бірі – Рахима апа. Жасы 103-те. Өмірге 11 перзент әкеліп, 53 немере, 72 шөбере, 25 шөпшек көрген. Жолдасы Сауқымбек Шойқыұлы – дәрігерлер әулетінің 5-ші ұрпағы. Рахима апа да жолдасымен бірге өмір бойы дәрігерлік қызметте болған. Қазір балаларының бәрі дәрігер болып жұмыс істейді. Рахима апа ұзақ жасау сырын емдеген адамдардың батасымен байланыстырады.
«Жастайымнан келдім, біздің үйдегі кісі дәрігер болды. Содан мен онымен бірге дәрігер болып кеттім. Қасына дәрігер қылып алды. Небір ауруларды емдедік, вакцина салдық. Сөйтіп бірге жүрдік, ешбір қиыншылық көргеніміз жоқ. Құдайдың арқасында осы жасқа келдік енді», – дейді ғасыр жасаған тұрғын Рахима Әбділдәқызы.
Рахима апаны бүгінгі қарттар күнімен аудан әкімі құттықтап, құрмет көрсетті. Ғасыр жасаған қазыналы қария келген қонақтарды қуана қарсы алып, батасын берді. Жалпы, бүгінгі таңда Медеу ауданында 27 мыңға жуық зейнеткер тұрады. Соның ішінде Ұлы Отан соғысының 13 ардагері, еңбек майданының 1 824 қатысушысы бар. Аға буынның бос уақытын тиімді өткізу және қоғамдық өмірге белсенді араласуын қамтасыз ету үшін жағдай жасалған.
«Думан, Алатау ықшамаудандарында «Шыңға өрлеу» бағдарламасы аясында осы зейнеткерлердің өмірлік тәжірибесін жастарға беру, бойына сіңіру шараларын іске асырып отырмыз. Бұдан бөлек, бізде Ардагерлер кеңесі де бұл кісілермен қоян-қолтық жұмыс істеп, түрлі шараларға тартып отыр», – деді Медеу ауданының әкімі Әсет Масабаев.
Ал Түрксіб ауданының белсенді қариялары Қарттар күнін скандинавиялық жүріс марафонымен атап өтті. Жасына қарамастан 30 қатысушының барлығы 4-шақырымдық қашықтықты еркін жүріп өтіп, алғыс хатпен марапатталды. Ауданда салауатты өмір салтын ұстанатын мыңға жуық зейнеткер бар. Барлығы Белсенді ұзақ өмір орталықтарына келіп, дене шынықтырумен ғана емес, шығармашылықпен айналысады, түрлі курсқа қатысады.
«Дәрі ішпеймін. Балаларға масыл болмай, өзіміздің денсаулығымызды өзіміз ойламасақ, кешке дейін жата бергеннен түк шықпайды. Міне, 4 жыл болды келіп жүргеніме, өзгерістер өте көп», – дейді қала тұрғыны Гүлмира Қаблақатова.
«Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары Алматының барлық 8 ауданында бар. Осы уақытқа дейін қала бойынша 25 мыңнан астам зейнеткер тіркеліп, бос уақытын тиімді өткізіп жатыр. Осылайша, қоғамдық белсенділігі артып, көңіл күйі жақсарады. Бастысы, қарттарымыз аман-сау жүрсін!
Айнұр Қапышова, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы