Алматыда «Бюджетке қатысу» жобасына өтінім қабылдау уақыты ұзартылды. Енді үлгермей қалған қала тұрғындары 20 қазанға дейін құжаттарды тапсыруына болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгінде бас-аяғы 500-дей ұсыныс келіп түскен. Ал биыл конкурсқа қомақты қаржыдан бөлек қатысу біршама жеңілдетілген. Осы жылы қаланың әрбір ауданына 800 миллион теңгеден беріледі. Демек, әр тұрғын өз ойын жүзеге асырып, ауласын көркейтуге үлес қоса алады.
Былтыр «Бюджетке қатысу» пилоттық жобасына өтініш тастап, биыл шарапатын көрген алматылықтар бұл жолы да ерекше белсенді. Өйткені жоба нәтижелі болғандықтан, әрқайсысы қаланың көркеюіне белсене атсалысқысы келеді. Оның үстіне, биыл конкурс тағы 15 күнге созылды. Мәселен, өткен жылы өзі ұсынған идеяның жобалық сметалық құжатын қоса өткізу керек еді. Биыл тек көздеген жобасының суретін салса жеткілікті. Оның үстіне, бұл жолы жеңіске жететін мол мүмкіндік бар. Себебі көбірек қаржы бөлінді.
«Халықтың белсенділігі артты. Былтыр жыл бойы жаңағы 333 өтінім түссе, қазіргі дейін 500 өтінім түсті. Қоғамдық кеңеспен ақылдасып, қоғамдық кеңес бойынша осы өтінім жинау уақытын 20 қазанға дейін созуға ақылдасып, қоғамдық келісіммен осындай шешімге келіп отырмыз», – деді қалалық Стратегия және бюджет басқармасының басшысы Алмас Батанов.
Алматылық Маргарита Балакирева «Бюджетке қатысу» жобасының қатысушысы. Өткен жылы тұрғын Алмалы ауданындағы бос жатқан аумақты гүлдендіруді ұсынған. Сөзінше, жоба нәтижелі. Себебі көршілерімен бірігіп, бюджет қаржысын қажеттіліктеріне қарай жұмсаған.
«Біз бос жатқан жерлерді кәдемізге жаратып, қайта көгалдандыру керек деген шешімге келдік. Ауданда ондай орынды Розыбакиев пен Жамбыл көшелерінің қиылысынан таптым. Ол мекенді жиі көзім шалатын. Кейін жоба туралы естігенде осы идеямды айтайын дедім. Бұрын онда кафе немесе көлік тұрағы пайда бола ма деп қорыққан едім. Мен алматылық ретінде қаламыздың жасыл әрі әдемі, жанға жайлы мекен болғанын қалаймын», – деді «Бюджетке қатысу» жобасының қатысушысы
Маргарита Балакирева.
БЛИЦ:
- Осы жерде 10 жылдан бері тұрамын, бұрын бұл жерде бір ғана футбол алаңы болған, қазір енді балалар алаңы саланып, ағаш отырғызылды. Соңғы 2 жылда ауданымызда үлкен өзгеріс болып жатыр.
- Мы приняли участие в этой программе. У нас люди подписывались, провели собрание. Теперь видим результаты.
- Брусчатку постелили, стало красивее, саженцы новые замечаю кое-где, скамейки чистые.
- Мына жолдарды жақсылап жасап жатыр. Демалатын орындық қойып жатыр. Әкімдікке рахмет айтамыз.
Сарапшылар кеңесінің құрамына қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, архитектура саласының маманы, қала белсенділері кіреді. Одан кейін қоғамдық дауыс беру 21 қазанда басталып, 8 қарашаға дейін жүреді. Биыл дауыс беру үрдісі де едәуір жеңілдетіліпті. Енді оған электронды цифрлық қолтаңбаның керегі жоқ.
Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, «Алматы» арнасы