Басым бағыт – қаланың шеткі аудандарына беріліп отыр
Алматыда биыл 10 мыңға жуық жеке сектордағы тұрғын үй орталықтандырылған су жүйесіне қосылады. Басым бағыт – қаланың шеткі аудандарына беріліп отыр. Алатау, Наурызбайбен бірге Медеу және Бостандық аудандарындағы құбырлар да жаңартылып, қала балансына өткен. Мұның сала мамандары мен тұрғындар үшін тиімділігі көп. Бәрін бір жерден бақылау жеңіл, әрі апаттық жағдайлар кезінде де шұғыл әрекет етуге мүмкіндік береді. Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын толығырақ айтады.
Марат Жүсіпбаев – Әлмерек ықшам ауданында 15 жылдан бері тұрады. Осында көшіп келгелі ауыз су біраз жылдан бері басты мәселеге айналған. Бұған дейін тіршілік нәрін қарсы беттегі көшеден тасып, күнелтіп келіпті. Аудан тұрғыны орталықтандырылған су жүйесіне өтудің артықшылықтары көп екенін айтады.
«Суды тасып ішетін едік, жерден қаздық. Оның үстіне жарық нашар болып жерден тартылмады. Бір айдың көлемі болып қалды суымыз келіп тұр. Тез-ақ жүргізіп берді уақытымен. Тегін жүргізіп берді. Шүкір Аллаға дейміз, суымызға да жеттік», – деді Түрксіб ауданының тұрғыны Марат Жүсіпбаев.
Әлмерек ауданында 800-ден астам жер үй бар. Қазір оның 300-ге жуығы орталық жүйеге қосылған. Үйге су тарту үшін алдымен тұрғындар келісім-шарт жасасып, есептегіш құралды орнату қажет. Мұндай ауқымды жұмыстар қазір Думан және Ақбұлақ 2, Тастыбұлақ және Мұзтау ықшамаудандарында да жүргізіліп жатыр. Қажетті құжатты рәсімдеу үшін тұрғындарға жағдай жасалған.
«Халық еш жаққа сандалып орталыққа бармас үшін құжаттандыру бөлімінің бір қызметкерін мектепке алып келіп отырғыздық. Қазір осы Әлмерек ауданының №195 мектепте қабылдап жатыр. Жұмыс уақыты таңғы 10-нан түскі 2-ге дейін. Сенбі күні ертеңгі 10-нан кешкі сағат 6-ға дейін отырады», – деді «Алматы Су» МКК бақылаушысы Бақберген Өмірзақ.