Ауданда осы уақытқа дейін жалпы 154 нысанға түсіндірме жұмыстары жүргізілген
Карантин талаптары егжей-тегжейлі түсіндіріліп жатса да, кәсіпкерлер немқұрайлылық танытуларын доғарар емес. Тіпті, бүгінгі рейдте бір мекеменің қызметкері тепловизордың не екенін білмейміз деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Санитариялық талаптар түгілі, 3 айда қандай құралдың қажет екенін білмейтіндер қалай жұмыс істеп келген? Наурызбай ауданы бойынша сауда орындарындағы жағдай қалай? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай тарқатсын.
Сауда орнында қарапайым талаптар да орындалмайды. Антисептик құралы бос. Арақашықтық жолақтары жоқ. Тепловизор құралын сұраған санитария маманына дүкен қызметкерлері қорғаныш көзілдіргін көрсетті. Өрескел қателіктерге жол берген мекеме басшысына хаттама толтырылды.
«Ол жерде дене қызуын өлшейтін тепловизор жоқ. Саудагерлер мен сол жерде қызмет жасайтын қызметкерлердің бетперделері, қолдарында қолғаптары болмады. Осындай тәртіп бұзушылық болды», – деді Наурызбай ауданы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекші маманы Бейбітгүл Сұлтанбаева
Күнделікті жүргізілетін осындай мониторингтің нәтижесі болар, келесі сауда орнынан ешқандай мін табылмады. Келушілердің ғана емес, өз жақындарымыздың да денсаулығына жауаптымыз дейді саудагерлердің бірі.
Сауда орнындағы антисептик құралдарының да саны жеткіліксіз. Карантин ережелері былай тұрсын, қарапайым талаптар да ескерілмейді. Лас еден мен шаң басқан сөрелер соның дәлелі. Анықталған тәртіп бұзушылықтарға байланысты дүкен қызметкерлеріне қатаң ескерту жасалды.
«Сатушылары қолғапсыз және бетпердесіз жүрген фактілер тіркелді. Ол бойынша біз қазір адм материалды СЭС арқылы дайындап сотқа жібереміз. Сол бойынша ары қарай жұмыс жүргізіледі», – деді Наурызбай ауданы кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Жандос Әбішкенов
Наурызбай ауданы бойынша тәртіп сақшылары, әкімшілік өкілі және санитария мамандары құралған екі мобильдік топ үздіксіз тексеріс жасауда. Ауданда осы уақытқа дейін жалпы 154 нысанға түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Сымбат Ноғай, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы