Алматылықтар соңғы 5 айдағы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң баға берді

30.06.2021 01:40

Жыл басынан бері кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында 86 миллиард теңгеге мыңнан астам жоба мақұлданды

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың 25 маусымда елордада өткен брифингі қала жұрты арасында қызу талқыланып жатыр. Тұрғындар, экономистер мен қоғам белсенділері қаланың соңғы 5 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуына оң баға берді. Сондай-ақ, алматылықтар шаһар басшысы атап өткен жыл соңына дейін жоспарланған бастамаларды қолдайды. Атап айтқанда, жыл соңына дейін мегаполисте 2 метро бекеті іске қосылып, газ және электр тоғымен жүретін автобустардың саны көбейеді. 225 көше жөндеуден өтсе, келесі жылға дейін қала 100 пайыз жарықтандырылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Пандемия кезінде қала экономикасын тұрақтандыру үшін баса назар аударылды. Жыл басынан бері кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында 86 миллиард теңгеге мыңнан астам жоба мақұлданды. Мәселен, Сандуғаш «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша өз жобасын қорғап, 5 миллион теңгеге өтеусіз грант ұтып алған. Қазір көпбалалы ананың Әуезов ауданында тігін цехы бар.

«Мемлекеттік «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы көпбалалы аналарға бизнесін қолдап өсіруге мүмкіндік жасалып жатыр екен. Бағдарлама арқылы «Бизнес бастауды» оқып алу керек деген ой келді. Сол кезде 2019 жылы оқып, 2020-да  бизнес планды жазып, 5 миллион грантты ұтып, осындай кәсіп аштым. Бүгінде, қыз жасауын жасаймыз, көрпелер тігеміз, тапсырыстар қабылдаймыз», ‒ деді әлеуметтік кәсіпкер Сандуғаш Есенбекова.

Қазір шаһарда 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның алтауы жеке меншік білім беру ордасы. Сонымен бірге 17 мектепке жапсарлас ғимарат салынуда. Нәтижесінде жыл соңына дейін оқушылар үшін 21 мыңнан астам жаңа орын құрылады.

«Жекеменшік балабақша, жекеменшік мектептер, мемлекеттің балансындағы мектептер салынады деп жатыр. Өте дұрыс деп ойлаймын. Қолдаймын. Бүгінгі күні Бақытжан Әбдірұлы үлкен жұмыс атқарып жатыр. Білім, денсаулық сақтау, пандемия кезіндегі шешімдері оған дәлел. Себебі пандемия болса да түлектеріміз «Алтын белгіге» бітіріп жатыр, үлкен жетістіктерге жетіп жатыр», ‒ деді Қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Нұрлан Жазылбеков.

Алматының тұрғын үй қорын ренновациялау бағдарламасы ‒ ескірген баспана мәселесін шешудегі ең тиімді тетік. Қалалық мәслихат депутаты Ерболат Қасымов шаһар басшысының баяндамасына қатысты осындай пікір білдірді. Бағдарлама аясында 5 жылдың ішінде 700 ескі ғиамратты бұзып, адамдарды жаңа, кең пәтерлерге көшіру жоспарлануда.

«Алматы қаласы бойынша жоғары,сапалы тұрғын-үйменқамту деген бағдарламаны өз тарапымнан депутат ретінде, бизнесмен ретінде қолдаймын. Бүгінде осы бағдарламаға өз үлесімді қосып жатырмын. Түрксіб ауданында бағдарламаны қолдап,  жұмысты бастап кеттік. 2 үйді сүріп, қазір 3 жаңа үйді салуды бастадық», ‒ деді Қалалық мәслихаттың депутаты Ерболат Қасымов.

Жыл соңына дейін шаһарда екі метро бекеті пайдалануға беріледі. Қазір ұзындығы 3 шақырымнан асатын «Сарыарқа» және «Достық» бекеттерінің құрылысы жүріп жатыр. Бүгінде жұмыстардың 80 пайызы аяқталған.  

Сымбат Ноғай, «Алматы» телеарнасы