Алматыны жарықпен қамту толық қалпына келтірілді

26.01.2022 01:41

Энергия көзінсіз қалған барлық 28 қосалқы бекет штаттық режимде жұмыс істеп жатыр

Фото: ашық дереккөзден

Алматыны жарықпен қамту толық қалпына келтірілді. Энергия көзінсіз қалған барлық 28 қосалқы бекет штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы «Алатау Жарық компаниясы» мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әйтсе де, компания кейбір аулалар мен тұрғын үйлерде кенет жарық сөнуі мүмкін екенін ескертеді. Жалпы, қалада бүгін 92 мыңнан астам тұтынушы электр жарығынсыз қалған. Тұрғындар жарықпен қиындық туындағанын бүгін түскі 12.00 шамасында хабарлаған болатын.

Айта кетсек, күндіз мегаполистің кейбір бөлігінде бағдаршамдар істен шығып, біршама шағын және орта бизнес нысаны уақытша жұмысын тоқтатқан еді. Ал «Алматы Жарық компаниясы» жоғары вольттық желілер қалпына келтірілгенін жеткізді. Халықаралық әуежай, теміржол вокзалдары мен ауруханалар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.

«Алдын ала белгілі болған ақпаратқа сәйкес, жарықтың сөнуіне Орталық Азиядағы электр жүйелерінен «Солтүстік-Оңтүстік» жүйесіне шектен тыс күш түсуі себеп болған. Сағат 13.39-да қатар орналасқан Алматы электр торабының жұмысы қалпына келтірілді. Қазір өзге де өңірлерді жарықпен қамту жұмыстары жүріп жатыр», – деді «KEGOC» АҚ Жүйелік қызметтері мен ұлттық электр желілерін дамыту жөніндегі басқарушы директоры Бекжан Мұқатов.

Құрметті алматылықтар, егер электрэнергиясына қатысты сұрақтарыңыз болса, «Алматыэнергосбыт» мекемесінің Колл-орталығына, яғни 356-99-99 нөміріне көмекке жүгіне аласыздар. «Алатау Жарық компаниясының» апаттық бригадалары жарықты екі сағат ішінде қосып береді.