Алматының Медеу ауданында жастар ресурстық орталығы ашылды

08.08.2020 01:42

600-ге жуық отандасымыз жұмысқа орналасқан

Аlmaty.tv

Алматыдағы жастар ресурстық орталықтары осы күнге дейін 600-ге жуық отандасымыздың жұмысқа орналасуына жәрдемдескен. Қаланың 7 бірдей ауданында жұмысын бастаған коворкинг орталықтары небәрі 2 айдың көлемінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіпті. Игі шаруаның ауқымын кеңейту мақсатында бүгін Медеу ауданында да осындай жастар ресурстық орталығы салтанатты түрде ашылды. Заманауи үлгіде жасалған коворкинг орталығының жұмысымен Almaty.tv тілшісі Сая Меңдеке танысып қайтты.

Бүгіннің өзінде Медеу ауданының 76 жас азаматы жұмысқа орналасуға жолдама алды. Бұған бірден-бір септігін тигізген – осы жастар ресурстық орталығының мамандары. Медеу ауданындағы коворкинг орталықтың ашылу салтанатының бүгін өткеніне қарамастан, мұндағы жұмыстар бұған дейін басталған. Жалпы қала бойынша орталық 600-ге жуық жасты жұмыспен қамтып үлгерген.  

«Әрбір ресурстық орталық кеңес беру пункттерін ашты. Мұнда жұмыспен қамту бойынша көмек көрсетіледі. Күніне 10-20 жасты жұмыспен қамтуға тырысамыз. Оларды жастар тәжірибесі бағдарламасы шеңберінде жұмыспен қамту орталығына жолдаймыз. Алматы жастары бағдарламасы аясында да түсіндіру жұмыстары жасаймыз», – деді қалалық Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры Алма Ауғанбаева.

Жұмысқа орналастыру, кәсіптік бағдар беру, жастардың шығармашылық бастамаларын қолдау, әлеуметтік және бизнес саласындағы жобаларына демеу. Осы қызметтердің бәрі жастар ресурстық орталығында көрсетілмек. Мұнда, сондай-ақ, шеберлік сыныптар, мотивациялық кездесулер ұйымдастырылып, әлеуметтік зерттеулерге қатысуға мүмкіндік болады.

«Мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан бағдарламаларды түсіндіріп, сол бағдарламаларға еркін тарту. Мәселен, қазір жұмыспен қамту бағдарламалары өте көп, қоғамдық жұмыс, жастардың практикасы бар», – деді қалалық Қоғамдық даму басқармасы жастар бөлімінің басшысы Орынбасар Құдайбергенов.

Жалпы, соңғы 3 жылда ауданда «Тілдер саябағы» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылып келеді. Тіл меңгеру деңгейін арттыруды желеу еткен шараға әлем тілдерін жетік білетін ерікті жастар қатысады. Одан бөлек, ауданда жыл сайын салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған түрлі жобалар әзірленеді. Соның бірі – «Фитнес парк Медеу» жобасы аудан жастарын тұрақты түрде спортпен шұғылдануға баулиды.

«Бүгінгі таңда ауданымызда 30 мыңға жуық жастар бар. Жыл сайын олардың саны өсіп келе жатыр. Былтырғы жалмен салыстырғанда биыл 4 пайызға өскенін байқап отырмыз. Жастардың әлеуеті мен сапасы да артып келе жатыр. Оған себеп, ауданда атқарылып жатқан нақты бірқатар жобалар бар, соның нәтижесі болар. Жастардың бәсекеге қабілеттілігі жылдан-жылға артып келеді», – деді Медеу ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сәкен Аралбаев.

Осымен қаланың 7 ауданында жастар ресурстық орталықтары бой көтерді. Келесі коворкинг орталығы Әуезов ауданында 20 тамызға дейін жұмысын бастайды деп жоспарлануда.

Сая Меңдеке, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы