Медеу ауданы әкімінің есепті кездесуінде тұрғындары қандай сұрақтар алаңдатты

 Медеу ауданы әкімінің есепті кездесуінде тұрғындары қандай сұрақтар алаңдатты
«Алатау» ықшам ауданындағы көпқабатты үйдің тұрғындары 15 жылдан бері орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосыла алмай әлек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Алатау» ықшам ауданындағы көпқабатты үйдің тұрғындары 15 жылдан бері орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосыла алмай әлек. Олар пәтерін электр қуатымен жылытуға мәжбүр. Талай жылдан бері қордаланған түйткіл Медеу ауданы әкімінің есептік кездесуінде көтерілді. Одан қалды бұл үйлер көгілдір отынға да қосылмаған екен. Ал газ баллондарын пайдалану аса қауіпті дейді тұрғындар. Аудан халқының базынасын тыңдаған Медеу ауданының әкімі бұған нендей жауап қайырды? Кездесуде бұдан басқа қандай мәселе көтерілді? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі тарқатады.

«Думан» ықшам ауданының тұрғыны Гүлбақыт Бекенқызы кәріз жүйесінің ұзақ тартылып жатқанын сынға алып, аудан әкімінің назарын жөндеу көрмеген жолдарға, көшелердегі жарықтың жоқтығына аудартты.

«Бізде кәріз жүйесінің тартылып жатқанына 3 жыл болды және жол мәселесі, бізде орталық көшелерді асфальттады да, қалған көшелер сол күйі қалып қойды. Көшелерге қойылған жарық дұрыс жұмыс жасамайды, көбі сөніп тұрады», – деді Медеу ауданының тұрғыны Гүлбақыт Тұрлықожаева.

Медеу ауданының әкімі Әсет Масабаев былтыр мұндағы негізгі 6 көшеге қаржы бөлініп, жөндеу жүргізілгенін айта келе, биыл наурыз айынан бастап «Думан» ықшам ауданындағы 53 көшенің жөнделетінін мәлімдеді. Мердігер ұйымның дайындық жұмыстарын бастап та кеткенін айтты. Көше жарығының да осы жөндеу жұмыстарының аясында қыркүйек-қазан айына дейін аяқталатынын хабарлады. Ал кәріз бен суға қатысты жауап келесідей болды.

«Бұл жоба республикалық бюджеттен қаржыландырылды. Қаржының бөлінуіне қарай жұмыс сол деңгейде істеліп отырды. Биыл жұмыс толығымен бітірілді. Сынақтар бәрі бітті. Қазір «Алматы су» мекемесі есеп құрылғыларын қою және оларды пломбылау бойынша жұмыстарын жасап жатыр.  Ол жұмыс ақпанда басталды, наурызға дейін жалғасады. Су беруге және кәріз желілерін пайдалануға беруге біз дайынбыз», – деді Медеу ауданының әкімі Әсет Масабаев.

Ал «Алатау» ықшам ауданының тұрғыны 4 бірдей көпқабатты тұрғын үйдің орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылмағанын айтып шағымданды. Бұл мәселенің 15 жыл бойы шешілмей келе жатқанын айтады.

«Ескі жүйені жаңарту үшін қыруар қаражат керек. Бұл үйлерде көпбалалы аз қамтылған отбасылар, зейнеткерлер көп. Әкімнің осы өткір түйткілді шешіп беруін сұраймыз. Одан бөлек біздің үйлер газбен қамтылмаған. Әр қабаттың тұрғындары 20 газ балонын пайдаланады десек, бұл өте қауіпті. Өрт шығып кету қаупі де жоғары. Соған уайымдаймыз», – деді Медеу ауданының тұрғыны Гүлжан Склабовская.

Қордаланған мәселе жөнінде хабардар екенін айтқан аудан әкімі аталған мәселені шешудің 2 жолы бар екенін хабарлады. «Алатау» шағын ауданындағы бұл көпқабатты үйлер жатақхана типтес болғандықтан, онда үйдің ішінде жылу желісі қарастырылмаған екен.  

«Бұл жайтты осы үйдің тұрғындарымен бірге ақылдасып, тұрғын үй басқармасымен бірлесе, үйдің ішіне жылу жүйесін тарту бойынша жөндеу жүргізуге болатынын айтқан едік. Бірақ, өкінішке қарай, энергетика басқармасының әкімшісі үйдің ішіндегі желіні орната алмайды екен. Ол әр бөлменің иесінің қарамағындағы дүние. Газға қатысты да осы. Жатақхана типтес үй болғандықтан, мұнда жеке қазандық орнататын арнайы бөлме жоқ. Сол себепті халықпен тағы бір кездесіп, ұсыныстарды қарастырып, бұл шаруаны шешейік», – деді Медеу ауданының әкімі Әсет Масабаев.

Медеу ауданы әкімінің есептік кездесуінде сондай-ақ, танымал блогерлер де сауал жолдады. Қала аулалаларын абаттандырып, әсіресе, таулы аймақтардағы экологиялық ахуалды жақсартуға қатысты пікірлерін білдірді.

Сая Меңдеке, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров