|
21.09.2023 | 20:48
2535

Сұрақ-жауап: Түрксіб ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі

Биыл ауданында 5 үй салынып, 121 отбасы қоныс аударды

Сұрақ-жауап: Түрксіб ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі Almaty.tv

Алматының Түрксіб ауданы Қайрат ықшамауданындағы кірме жолдар қазанның соңында аяқталады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев аудан азаматтарымен кездесуде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Түрксіб ауданы Қайрат ықшамауданындағы қоғамдық көлік жетіспейді. «Автобусты сағаттап күтеміз» деген жұрт автобустың санын көбейтуді немесе жаңа бағыттағы қоғамдық көлікті іске қосуды сұрап отыр. Қайрат ықшамауданының халқы қала әкіміне кәріз жүйесі мәселесін шешіп беруді сұрады. Себебі үш жыл бұрын құбыр жүргізілгенмен, іске қосылмаған.

– Береке жақта қаншама көпқабатты үйлер салынды, мектеп салынды. Осы кәріз желісі іске қосылмаған. Олар мәселені қалай шешіп жатқанын білмейміз, – деді Қайрат ықшамауданының тұрғыны Ермағамбет Есболғанов.

– Жасқанат, Қайрат шағынауданындағы жағдайды жақсы білемін, уайымдамаңыз. Ал соңғы сұрағыңызға мамандар жауап берсін, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

– Шынымен кәріз желісі қосылмаған. Жұмыс айдың соңына дейін аяқталады, – деді Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Талғат Малыбаев.

Сондай-ақ өткен ғасырдың ортасында салынған үйді пана еткен тұрғындар кездесуге келіп, қала әкіміне өтініш айтты. Олар да реновация бағдарламасы аясында жаңа тұрғын үйге көшуді қалайтынын жеткізді.

– Біздің аудандағы үйлерді реновация бағдарламасына енгізсеңіз. Себебі тұрғын үйлер 1950 жылы қамыстан салынған. Бағдарлама аясында баспананы жаңартқымыз келеді, – деді қала тұрғыны Бағдат Алданғорова.

Аудан әкімі бұл учаскенің әлі жоспарда жоқ екенін айтты. Қазір мұнда елуге жуық отбасы ескі үйде отыр.

– Түрксіб ауданында ескі үй көп. Биыл бағдарламаны қолға алдық, келесі жылдан бастап қарқынды жүргізіледі деген ойдамын. Сіз айтқан үйлердің мәселесін қарастырып көруге болатын шығар. Келесі жылы жаңа үйге көшуіңіз де мүмкін, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

– Бұл кісінің айтып отырғаны бір қабатты үйлер, елуге жуық пәтер бар. Ал реновация бағдарламасы аясында қазір екі қабатты үйлер қарастырылып жатыр, – деді Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаров.

Биыл ескі тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасы аясында Түрксіб ауданында 5 үй салынып, 121 отбасы қоныс аударды. Сондай-ақ тағы екі учаскеде 11 тұрғын үйдің құрылыс жұмысы жалғасып жатыр.

Гүлмарал Изатқызы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Әсем қала-Алматы: мегаполисте фотобайқау өтті

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир