Дене шынықтыру алаңы «Бюджетке қатысу» жобасының аясында іске асырылған
Алматының Медеу ауданында тұрғындардың көптен бергі сұранысы ескеріліп, жаңа спорт алаңы ашылды. Дене шынықтыру алаңы «Бюджетке қатысу» жобасының аясында іске асырылған. Осылайша, Думан ықшамауданының азаматтары салауатты өмір салтын ұстану үшін жаңа мүмкіндікке ие болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жалпы сомасы 22 миллионнан астам теңгені құрайтын спорт алаңының үсті – жабық, іргетасы – берік. Дене шынықтыруға арналған турниктер мен бозкілем, өзге де спорт жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Жаңа алаңның ашылуына аудан тұрғындары мен әкімдік қызметкерлері қатысып, салтанатты түрде тұсауын кесті.
«Немерелерім бар. Осы жерде ойнап жүр. Оларды спортқа баулимыз. Бір жағынан, оқып білім алса, екінші жағынан, спортпен шынығады. Оның өзі денсаулыққа да, бәріне де пайдалы», – дейді Медеу ауданының тұрғыны Амангелді Түсқожаев.
Жаңа алаң халықтың сұранысы бойынша бой көтерген. Негізі, биыл Медеу ауданы бойынша 20 жоба іске асты. Оның ішінде төртеуі – дәл осындай спорт алаңдары.
«Халықтың игілігіне арналған бірінші жобаны тапсырып отырмыз. Ауданымызда осындай 20 жоба бар. Оның ішінде, балалар ойнайтын алаң бар, халыққа қажетті ұсыныстар қолдау тапса, осылай көпшілік көңілінен шығатын жобаларды әлі де іске аса бермек», – деді Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос Нұрлыбаев.
Медеу ауданына қарасты Думан ықшамауданына 30 мыңға жуық халық қоныстанған. Әкімдік қызметкерінің сөзінше «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша былтыр да спорт және балалар алаңы салыныпты. Осылайша, жалпы ауданда 20-ға жуық жоба іске асты.
Оразай Нұртай, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы