Жұмысқа тұрғандардың еңбекақысы 85 мыңнан кем болмайды
Алматыда «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында 8 мыңнан астам адам еңбек етіп жатыр. Қазір тағы 7 мыңнан астам бос жұмыс орны бар. Осыған орай қалалық жұмыспен қамту орталығы екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтарды жұмысқа орналастыруды жалғастырып жатыр. Мектеп, аурухана, тұрғын үй, жол жөндеу, қаланы абаттандыру сияқты шаруаларға құрылыс мамандары қажет. Ал, қызмет табу үшін қайда барып, не істеу керек? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін тарқатсын.
«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында биыл Алматыда 220 жобаны жүзеге асыру қарастырылған. Қазір оның 216-сы толық орындалып, 8 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Жалпы жоспар бойынша 26 мыңнан астам орын ашылыпты. Оның 13 мыңдайы осы жұмыспен қамту орталығы арқылы іске асып отыр. Еңбекке қаланың ғана емес өзге де өңірлердің азаматтары алына береді. Тіпті оларға жалақыдан бөлек 85 мың теңге жәрдем ретінде қосымша төлем төленеді.
«Мынау аумақтан келгендерге көмек ақша ретінде қалада тіркеуі жоқ адамдарға 85 мың материалдық көмек ақша беруі керек болған. Өткенде бір компанияда 40 адам болды. 40 адамды жұмысқа алған соның 5-уі аумақтан, басқа жақтан келген. Оларға сол көмек ақша ретінде 85 мыңнан олар төледі», – деді Қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы Гүлзинат Мейірбекова.
Жұмысқа тұрғандардың еңбекақысы 85 мыңнан кем болмайды. Пандемия кезінде екі қолға бір күрек таппаған азаматтар үшін мұндай бағдарламалар таптырмас мүмкіндік дейді мамандар.
Бұл бағдарлама арқылы жұмысқа орналасу үшін жұмыспен қамту орталығына келіп кезекке таллон аласыз. Әрі қарай керекті мамандардың көмегіне жүгінесіз.
Жобалар негізі қаланың инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған. Сондықтан тұрғын-үй коммуналдық, әлеуметтік-мәдени, инженерлік жөндеу жұмыстарына құрылысшы, әктеуші, сырлаушы, асфальт, бетон төсеуші, ұсталар, аспаз сияқты мамандар қажет. Жұмысқа ер адамдар көптеп тартылады екен. Әйтсе де жеңіл жұмыстарға әйелдер де алынады.
Өзіңізге сәйкес келген жұмысты таңдап болған соң маман сізді жұмыс іздеуші ретінде тіркейді. Ол үшін бар болғаны жеке басыңыздың куәлігі болса жеткілікті. Одан әрі сізді жұмыс берушіге қарай бағыттайды.
Міне, осындай жолдаманы алып ары қарай жұмыс беруші компанияға бару керек. Сонда әңігмелесуден өткеннен кейін жұмыс беруші компания жұмысқа алатындығын не алмайтындығы туралы хабарын 5 күннің ішінде беруі керек. Егер алмайтындай жағдай болса онда себебін көрсетуі шарт. Ал жұмыс іздеп келген азаматқа басқа да жұмыстар қарастырылады.
Назкен Еркін, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы