Алматы әкімдігі заңсыз кесілген ағаштардың орнына 30-ға жуық емен отырғызады

26.11.2020 01:50

Sulpak СҮ жанындағы ағаштарды заңсыз кесу ісі барынша «ауыр» бап болып қайта белгіленді

inform.kz

Sulpak СҮ жанындағы ағаштарды заңсыз кесу ісі барынша «ауыр» бап болып қайта белгіленді. Бүгін онлайн-брифинг барысында Алматы қаласы әкімдігі мен қаланың құқық қорғау органдарының өкілдері Төле би көшесіндегі ағаштарды заңсыз кесу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеудің барысы және қабылданған шаралар туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

23 қарашаға қараған түні Төле би көшесінің бойында, Sulpak сауда үйінің маңында тоғыз емен, екі қарағаш және екі акация кесілген. Әкімдікке кәсіпкерлер тарапынан ағаш кесуге өтініш түскен жоқ.

Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинскаяның хабарлауы бойынша, Ботаникалық бақ мамандарының мәліметіне сәйкес тоғыз кәдімгі емен, аласа қарағаш, қарағаш және екі псевдоакация робиниясы (ақ акация) кесілген.

«Сарапшылардың қорытындысы бойынша, кәдімге емендер сирек кездесетін түрлерге жатады және Қазақстанның Қызыл кітабына жойылып бара жатқан түрлердің "екінші санатына" енгізілген. Осыған байланысты әкімдік прокуратураға Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 339-бабы бойынша қылмыстық істі қайта квалификациялау туралы өтініш жіберді», – деп атап өтті Н. Ливинская.

Осыған байланысты Алматы полициясы Департаменті басшысының орынбасары Рустам Абдрахманов бұл іс бойынша қылмыстық құқық бұзушылық құрамының ҚР Қылмыстық кодексінің 2 бөлімінің «Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ өсімдіктер мен жануарлардың түрлерін, олардың бөліктерін немесе туындыларын пайдалануға тыйым салынған заңсыз айналым» 339-бабына қайта квалификацияланғандығын атап өтті.

«Бүгінгі күні бұл іске қатысы бар барлық адамдар анықталып жатыр. Негізгі кінәлі тұлға анықталды, бұл ЖК директоры, Алматы қаласының тұрғыны, ол күдікті деп танылды. Оның әрекеттері ҚР ҚК 339-бабына сәйкес келеді. Іске бірқатар сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Бұл адамның жауапкершілігінен басқа, біз сонымен қатар «Сулпак» компаниясының жауапкершілігін қарастырамыз, өйткені көршілес аумақты абаттандыру бойынша келісім-шарт осы компаниямен жасалған», – деді Р. Әбдірахманов.

Өз кезегінде Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары Берік Адамов заңсыз ағаш кесу орын алған жерді күзетіп жүрген полиция қызметкерлерінің әрекеттерінің заңға сәйкестігі тексерілетінін атап өтті.

«Біз қала тұрғындарының әлеуметтік желілердегі шағымын зерделеп, тексеріс жүргізудеміз, оны Алмалы ауданының прокуратурасы жүргізіп жатыр. Полицияның іс-әрекетіне заңды баға беріледі. Тексеру нәтижелері бойынша полиция бөліміне бұйрық жіберіледі», –  деді Б. Адамов.

Н. Ливинскаяның айтуынша, кесілген ағаштардың орнына өтемдік отырғызу жүргізілетін болады. Жасыл экономика басқармасы көшеттердің орналасуын, ауқымы мен көшеттерге қойылатын талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді.

Қалалық жасыл экономика басқармасының басшысы мегаполис әкімдігі қала тұрғындарының әділетті наразылығына ортақ екенін, бұл іс Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаевтың бақылауында екенін баса айтты.

«Біз алматылықтарды бізге және экологиялық құрылымдарға Алматының жасыл қорын бақылауға көмектесуге шақырамыз», – деп атап өтіп, кәсіпкерлерді осындай заң бұзушылықтардың алдын алуға шақырды.

Келтірілген шығынның мөлшерін анықтағаннан кейін, Алматының Жасыл экономика басқармасы кесілген ағаштардың орнына өтеме отырғызуды талап етеді. Жаңа үлгідегі ережелер бойынша серіктестік 260 ағаш отырғызып, оларды екі жыл бойы күтіп-баптауы керек.

Сонымен бірге, Н. Ливинская осы жылдың 1 желтоқсанынан бастап басқарма сайтта жасыл желектерді кесумен айналысатын компаниялардың рейтингін жариялауды бастайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ, жыл соңына дейін Жасыл комиссияның реформасы аяқталады, оның құрамына қалалық қоғамдық кеңес мүшелері, белсенділер мен БАҚ өкілдері кіреді. Сонымен қатар, сарапшылармен бірге ағаштарды бағалау әдістемесі жасалуда.

Н. Ливинскаяның айтуынша, ертең, 26 қараша күні әкімдік қоғам белсенділерімен және қамқор азаматтармен бірге Төле би көшесінің бойына, соның ішінде Sulpak СҮ-нің жанындағы учаскеге, биіктігі кемінде 4 м болатын 30-ға жуық көпжылдық емен отырғызады. Бұл ағаш отырғызу өтемдік жұмыс көлеміне кірмейді.