Алматыда соңғы алты айда 7 мыңға жуық тұрғын үй қолданысқа берілген

damu.kz
damu.kz
Алматыда карантин уақытында құрылыс қарқыны бәсеңдеген жоқ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда карантин уақытында құрылыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Биылғы жарты жылдықта 7 мыңға жуық тұрғын үй қолданысқа берілген. Ол өткен жылдың алғашқы алты айымен шамалас. Одан өзге бірнеше мектеп пен балабақшаның құрылысы аяқталуға жақын. Almaty.tv тілшісі Арнат Дүйсен құрлысшылар күні қарсаңында қаладағы бірнеше нысанда болып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысып қайтты.    

Алматылық Тілек Мәмбетов 39 жылдан бері құрылыс саласында қызмет етіп келеді. Осы уақыт аралығында жүздеген ғимараттың бой көтеруіне өз үлесін қосқан. Соның жемісі болар 2008 жылы Алматы қаласының үздік құрылысшы медалімен марапатталған. Нұр-сұлтан мен Алматы қалаларындағы өзім кірпішін қалаған нысандарды ұл, қыздарына айтып мақтанып отырамын дейді.  

«Қуанамыз туыстарымызға көрсетіп, балалар мынаны біздер салғанбыз деп айтамыз. Өткен жолы Астанаға ЭКСПО-ға барғанмын бала-шағаммен. Спорт сарайын салғанымызды, үйлерді салғанымызды. Өзіміздің қазақ елін көркейту үшін жұмыс істеу керек құрылыста. Әр саланы, әр мамандықтың қиындығы бар. Құрылыста да қиын. Бірақ өз мамандығын сүйген адам  істейді», – деді құрылысшы Тілек Мәмбетов.

Тілек секілді мыңдаған құрылысшы Алматыда әлеуметтік нысандардың салынуына ат салысып жүр. Мәселен, биыл 23 296 пәтер қолданысқа беріледі деп күтілуде. Оның 7 мыңға жуығы түгел біткен. Ал, мына ең ірі құрылыс алаңында 56 гектар аумаққа 160 тұрғын үй салынуда.

«Бұл пәтерлердің барлығы «Қолжетімді баспана» бағдарламасы арқылы беріледі. Мұнда шамамен мыңға жуық құрылысшы қызмет етіп жатыр. Сондай-ақ, бір  айта кетерлігі, пайдаланылатын материалдардың 80 пайызы отандық өнім», – деді құрылыс компаниясының жобалар жетекшісі Николай Фальков.

Одан өзге, Алматыда тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі бойынша өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге артқан. Сонымен қатар, қалада аурухана, мектеп пен балабақшаның да құрылыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Мәселен, биыл су жаңа 4 мектептің есігі айқара ашылады. Осылайша, 2021 жылғы оқу жылында қаладағы оқушы орындарының тапшылығы 80 пайызға шешілмек.

«Қазір сметалық құжаттары дайындалып жатыр. 9 жаңа мектеп пен 13 мектепке жапсарлас ғимараттың құрылысы басталады. Жалпы оқушы орындарына келетін болсақ 21 2000 оқушы орны. Келесі жылдың 1 тамызына дейін біз 25 мың жаңа оқушы орнын берейін деп отырмыз», – деді Жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашев.

Өткен жылы құрылысы басталған мына мектеп «Мамыр» ықшамауданында орналасқан. 2 жарым гектардан аса аумақты алып жатқан білім ошағы барлық заманауи технологиялармен жабдықталмақ. Карантин кезінде де құрылыс қарқыны бір сәтке де тоқтамаған объектердің барлығында санитариялық нормалар қатаң сақталып келеді.  

«Бізге дезинфекциялық құралдардың бәрін алып келді. Маска берді, медбике болды. Барлық қызметкердің дене қызуын тексеріп отырдық. Ешкімнен коронавирус шыққан жоқ. Жұмысты тоқтатпадық. Өйткені мектепті тапсыру керек болды», – деді жұмысшы тобының жетекшісі Мейрамбай Болатбаев.

Бұл «Мамыр» ықшамауданындағы мектептің сыйымдылығы 1200 орын. Қазір мұнда құрылыс жұмыстарының 90 пайызы аяқталды. Яғни, тек мынадай әрлеу жұмыстары ғана қалды. Қолданысқа биыл қыркүйек айында беріледі деп күтілуде. Сондықтан оқушылар биылғы оқу жылын су жаңа мектепте бастайды.    

Айта кету керек, қала бойынша қазір 816 нысанда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Оның 278-і мемлекеттік болса, 538-і жеке меншік.

Арнат Дүйсен, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров